Премьер-министр Әлихан Смайыловтың әкесі Жамбыл облысының құрметті азаматы атанды
Премьер-министр Әлихан Смайыловтың әкесі Жамбыл облысының құрметті азаматы атанды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жамбыл облысы мәслихатының сессиясында облыстың құрметті азаматы атағын беру тізімінде премьер-министр Әлихан Смайыловтың 75 жастағы әкесі Асхан Смайылов болды. Мәслихат депутаттары кандидаттардың толық тізіміне бірауыздан дауыс берді.
Деректерге сай, Асхан Смайылов бұрын Алматыдағы №17 емхананың бас дәрігері болып қызмет еткен.
Жамбыл облысы мәслихатының сайтында «Құрметті азамат» атағын азаматтардың көп жылғы жемісті еңбегі мен қабілеттеріне қарай қоғамның мойындауын білдіретін моральдық ынталандыру екені жазылған.
«Құрметті азамат атағын алған азаматтар құрметті қонақ болып табылады. Оларды тиісті мәслихаттар мен әкімдіктердің шарасына, мемлекеттік мерекелерге, Жамбыл облысының, қаланың, ауданның күніне арналған іс-шараларға, сондай-ақ басқа да маңызды оқиғаларға арналған жиындарға шақырылады», — делінген мәслихаттың қаулысында.
Бұл атақ өмір бойына беріледі. Оның тағайындалғанын растайтын құжаттар мен төсбелгі отбасына естелік ретінде сақтауға қалдырылады немесе мұрагерлердің келісімімен жергілікті мұражайға тапсырылуы мүмкін.
Айта кетейік, облыстың құрметті азаматтарының тізімінде қазірдің өзінде экс-президенттікке үміткер Жигули Дайрабаев, актер Асанәлі Әшімов, жазушы Шерхан Мұртаза, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, мемлекет қайраткерлері Махмұд Қасымбеков, Қанат Бозымбаев, Бақытжан Сағынтаев, Асқар Мырзахов және тағы басқалар бар.