Православтар Рождествоны тойлап жатыр
7 қаңтар — православ христиандары үшін Рождество мерекесі. Осыған орай Қазақстан православтары шіркеулерінде бүгін мерекелік шаралар жоспарланған. Астаналықтар кеше түнде Успенск кафедралды соборына жиналып, мерекелік литургиясын атқарды.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев елдегі православтарды Рождество мерекесімен құттықтады. Президент құттықтауында «Біздің азаматтарымыз бәрімізге ортақ бейбітшілік, бірлік, конфессияаралық келісім және басқа да көптеген маңызды жетістіктерімізді мақтан ете алады. Бүгінде түрлі дін өкілдері өзара түсіністікті нығайтуға және қазіргі Қазақстан қоғамының тұрақты дамуына елеулі үлес қосуда» деп айтқан.
Биылғы Рождествоны Ортодокс бағытының өкілдері күрделі кезеңде қарсы алды.
Оқи отырыңыз: Украина полициясы православ шіркеулеріне тінту жүргізді
Қазан айында Православ христиан шіркеулерінің негізгісі саналатын Түркиядағы орталық Украин православ шіркеуіне Орыс шіркеуінен бөлініп, тәуелсіздік алуға рұқсат берген. Орыс шіркеуі бұған наразылық танытып, Түркиядағы орталықпен байланысын үзген.
Украин шіркеуі тәуелсіздік алып, Орыс шіркеуінен бөлінген соң Киев пен Мәскеу православ шіркеулері арасында Украинадағы шіркеулер, монастырлар мен тарихи нысандар кімге тиесілі деген дау туған.
Рождество – Иса (Иисус Христос) пайғамбардың мәулеті болып табылады. Аңыз бойынша осы күні Вифлеем қалашығында Иса пайғамбар дүниеге келген.
Дереккөз: Азаттық