PR мамандығына қалай оқуға түсуге болады?

0

Болашақ PR мамандары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультеті ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасына оқуға түсу үшін 2 кезеңнен тұратын шығармашылық емтихан тапсырады.

5В051400 – Қоғаммен байланыс мамандығына бакалавриатқа түсуі үшін 1-ші және 2-ші бейіндік пәндер ретінде екі шығармашылық емтихан тапсырады. ЖОО түсу үшін қабылдау сынағы ретінде шығармашылық емтихандар тапсыру мамандықтың шығармашылық ерекшелігімен айқындалады: шығармашылық табиғаты, өзіне назар аударта білуі, өзін-өзі таныстыру дағдыларына ие болуы. Шығармашылық емтихандар талапкерлердің қабілетін және шығармашылыққа негізделген мамандықты игеру үшін тұлғалық алғышарттарын анықтауға бағытталған. Шығармашылық емтихандарды өткізу үшін қойылатын талаптар орта немесе орта арнайы білім беру бағдарламасына сәйкес келеді. Шығармашылық емтихандардың мақсаты – талапкердің Қоғаммен байланыс оқу бағдарламасы бойынша білім алуына дайындығын тексеру. Міндеттері: — талапкердің шығармашылық әлеуетін бағалау, — қарым–қатынас саласындағы жазбаша және ауызша білімін, ептілігі мен қабілеттерін анықтау, — талапкердің аталған мамандыққа түсуінің мотивациясын және ЖОО бітірген соң мамандық бойынша жұмыс істеуге деген құлшынысын анықтау. Тапсырылған әр шығармашылық емтихан үшін 40 балл қойылады. Шығармашылық емтихан кестесін (емтиханды өткізу түрі, өткізілетін күні, уақыты мен орны, консультациялар) қабылдау комиссиясының төрағасы бекітеді және талапкерлерге құжат қабылдау басталғанға дейін хабарланады. Оқуға түсушілер шығармашылық емтихан өтетін аудиторияға жеке басын куәландыратын құжаты және қабылдау комиссиясының рұқсаттамасымен кіргізіледі. Шығармашылық емтихан басталғанға дейін оқуға түсушілерге бастапқы бетті толтыру ережесі, эссе көлемі, емтиханның басталу және аяқталу уақыты, нәтижесін жариялау орны және апелляцияға өтініш беру тәртібі түсіндіріледі. 1-ші шығармашылық емтихан жазбаша еркін тақырыптағы эссе түрінде өткізіледі. Еркін тақырыптағы эссе – жеке пікір, әсер, толғаныс композициясындағы және еркін прозалық формадағы жазбаша шығарма. Шығарма стилі – әдеби немесе публицистикалық, тілі – мектеп бағдарламасының лексикалық, морфологиялық және синтаксистік норма шеңберінде. Эссеге қойылатын негізгі талап берілген тақырыптың ашып көрсетілуі. Бағалау критерийлері: — мазмұны – суреттелетін тақырыпты түсінуі, идеясының анықтығы, тақырыпты ашу барысында айқын дәйектер мен дәлелдердің болуы — ерекшелігі – мәтін құруда қызықты формаларды қолдануы, оқиғаларды, фактілерді, жағдаяттарды, адамдарды анық, бейнелі, әсерлі суреттеуі — сауаттылығы – баяндау стилін және тілін игергендігі Еркін тақырыптағы эссе көлемі – жазбаша мәтіннің  4 беті (2 парақ). Кәсіби эссе жазу уақыты – 3 астрономиялық сағат. Шығармашылық емтихан нәтижелері емтихан өткен күні жарияланады. 2-ші шығармашылық емтихан таныстырылым (презентация) түрінде ауызша өткізіледі. Таныстырылым – ұсынылған екі жағдаяттық тақырыпта комиссия мүшелеріне  талапкер өзі таңдаған формада көпшілік алдында хабарлама ұсынуы. Таныстырылым тақырыбы алдын ала болашақ мамандықтың ерекшелігіне байланысты дайындалады. Таныстырылым дайындығына 15 минут беріледі. Бағалау критерийлері: — мағыналық тәсіл – эрудиция, таныстырылымның айқындығы және дәлдігі — жүйелі тәсіл – креативтілігі, ойын жинақтай алуы, таныстырылымда терминологияны қолдана алуы — тұлғалық-бағдарланған тәсіл – таныстырылымда өз көзқарасын қорғай алуы Шығармашылық емтиханнан 15 баллдан төмен алғандар немесе емтиханға келмегендер бұл мамандық бойынша оқуға түсуге жіберілмейді.

 

Айсұлу Алкожаева

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы