Постсоветтік елдер билігінде он жылда не өзгерді?

0

Интернетте #10YearChallenge атты жаңа челлендж тарап жатыр. Әлеуметтік желі қолданушылары, саясаткерлер мен танымал тұлғалар 2019 жылғы және бұдан он жыл бұрынғы суреттерін жариялап жатыр.

«Настоящее время» сайты қазір постсоветтік елдерді басқарып отырған адамдардың соңғы 10 жылда қалай өзгергенін салыстырып көрді.

Әзербайжан

Әзербайжанды 2003 жылдан бері Ильхам Әлиев билеп отыр. Ол 2003 жылы Әзербайжанды 1993 жылдан бері басқарған әкесі Гейдар Әлиев қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай оның орнына ел президенті болып сайланған. 2018 жылы сәуірдегі президент сайлауының ресми қорытындысы бойынша сайлаушылардың 84 пайызының қолдауына ие болған Ильхам Әлиев бұл қызметке қайта сайланған. 2017 жылы ақпанда Әлиев өз әйелі Мехрибан Әлиеваны Әзербайжанның бірінші вице-президенті етіп тағайындаған.

2016 жылы Әзербайжанда өткен референдум қорытындысына сәйкес конституцияға өзгертулер енгізіліп, президенттің қызмет мерзімі бес жылдан жеті жылға ұзартылған.

Армения

2015 жылғы референдумнан кейін Армения ресми түрде президенттік республикадан парламенттік басқаруға ауысты. Демек, өкілеттіктің көбі парламент пен премьер-министрге өтеді, ал президент репрезентативтік функция атқарады.

Қазір елді биліктегі партияға оппозиция жетекшісі, бұрын саяси белсенді болған Никол Пашинян басқарып отыр. Ол 2018 жылы көктемде Армениядағы наразылық қозғалысының басында болды. Екі мерзім Армения президенті болғаннан кейін премьер ретінде билікте қалғысы келген Серж Саргсян мен оның партиясына қарсы жаппай наразылық шеруін кейін «барқыт революция» деп атады.

2000 жылдардың басында журналист болып істеген, 2008 жылы өткен президент сайлауындағы бұрмалаушылықтарға наразылық кезінде жаппай тәртіпсіздікке қатысқан деген айыппен іздеуде болған Пашинян 2009 жылы Армения билігіне берілген. Оны жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды деп айыптап, 7 жылға бас бостандығынан айырған.

Беларусь

Александр Лукашенко – ұзақ уақыт бойы билікте отырған саясаткерлердің бірі. 1994 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссия төрағасы Лукашенко елде жаңадан тағайындалған президент лауазымына сайланды. Ол осы қызметке тағы екі мерзім сайланған соң, 2004 жылы референдум өткізіп, өзіне шектеусіз президенттік сайлауға түсу құқығын бекітіп алды. Бұдан соң 2006, 2010 және 2015 жылдары өткен сайлауларда, ресми деректер бойынша, кемінде 79 пайыз дауыс жинаған Лукашенко тағы да жеңіске жетті.

Халықаралық бақылаушылар мен құқық қорғау ұйымдары Беларусь билігін дауыстарды бұрмалады және адам құқығын бұзды деп бірнеше рет айыптады.

Қазақстан

Қазақстанды соңғы 29 жылдан бері үздіксіз басқарып келе жатқан президент Нұрсұлтан Назарбаев постсоветтік аумақта билікте ең ұзақ отырған адам саналады. 1990 жылы сәуірде Жоғары Кеңес оны Қазақ ССР президенті етіп тағайындады. 1991 жылы 1 желтоқсанда алғаш рет жалпыхалықтық сайлауда осы қызметке сайланған ол Совет одағы тарағаннан кейін Қазақстан Республикасының президентіне айналды. Оның президенттік бес жылдық өкілеттігі 1996 жылдың желтоқсанында бітуі керек еді.

1995 жылы сәуірде сайлау орнына өткен референдумда Назарбаевтың президенттік мерзімі тағы бес жылға – 2000 жылдың желтоқсанына дейін ұзартылды. Бұдан соң Назарбаев бірнеше мәрте президенттік сайлауға түсіп, барлығында жеңіске жетті. 2010 жылы парламент оған «Қазақстан Республикасының бірінші президенті – Ұлт көшбасшысы» мәртебесін берді. Қазір Назарбаев 78 жаста.

Қырғызстан

«Настоящее время» сайтының редакциясы Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековтің 2009 жылғы суретін ашық дереккөздерден таппады.

Сооронбай Жээнбеков Қырғызстан билігіне 2017 жылы келді. Бұған дейін оны алдыңғы президент Алмазбек Атамбаевтың пікірлесі санап келді. Бірақ Жээнбеков билікті қолға алған соң «Атамбаевтың командасына» кірген бірқатар жоғары лауазымды шенеуніктерге қарсы іс қозғалды, оларды сыбайлас жемқорлыққа қатысты күдікті санайды.

Жээнбеков 2016 жылдан бастап премьер-министр болып қызмет атқарды, 2010 жылдан бері Ош облысының губернаторы болып істеді. Оған дейін Қырғызстан басшысы жеке кәсіпкерлікпен айналысты.

Латвия

Марис Кучинскис 2016 жылдан бері Латвия премьер-министрі қызметін атқарып келеді. Ол саяси карьерасын 1994 жылы Валмиера қалалық думасына сайланудан бастаған. Бұдан соң Аймақтық даму министрлігін басқарды, бірнеше рет Сеймге сайлауға түсті. Бірақ Латвия парламентіне тоғызыншы шақырылымда (2006-2009 жылдары) ғана сайланды.

Литва

​Даля Грибаускайте екі рет ел президенті болып сайланған. Алғаш рет ол 2009 жылы президент болды. Оған дейін Қаржылық бағдарламалау және бюджет жөніндегі Еуроодақ комиссиясын басқарды, оның алдында Еуропа одағының білім және мәдениет мәселелері жөніндегі комиссиясына жетекшілік етті. 2000 жылдардың басында Грибаускайте Литваның қаржы министрі қызметін атқарды.

Молдова

«Настоящее время» сайты Молдованың қазіргі премьер-министрі Павел Филиптің 2009 жылғы суретін таппады. Филип 2016 жылы Молдова премьер-министрі болып тағайындалған.

Оған дейін 2011-2016 жылдары ақпараттық технологиялар және байланыс министрі қызметін атқарған.

2011 жылы саяси карьерасын бастағанға дейін Филип темекі фабрикасы және кәмпит шығару фабрикасының бас директоры болған, оның алдында түрлі цехтарда жұмыс істеген.

Ресей

Ресей президенті Владимир Путин 2018 жылы осы қызметтегі төртінші мерзімін бастаған, ол елді 2024 жылға дейін басқармақ. 2000 және 2008 жылдары президент болған соң қазір премьер-министр болып отырған Дмитрий Медведевке билікті. Медведев Ресей президенті болып тұрғанда Конститутцияға түзетулер енгізіп, президенттің өкілеттігін төрт жылдан алты жылға созды.

2012 жылы Путин үшінші мәрте Ресей президенті болып сайланды. Кандидатурасын ұсынған кезде ол конституцияда бір адамның екі мерзім қатарынан президент болуына тыйым салынғанын айтқан. Путин 2018 жылы сайлауда кезекті рет жеңіске жеткен соң Шешенстан парламенті Мемлекеттік думаға конституцияға президенттің өкілеттігін үш мерзімге дейін ұзартатын өзгеріс енгізуді қарастыратын заң жобасын ұсынған.

2008-2012 жылдар аралығында Владимир Путин Ресей премьер-министрі болды.

Тәжікстан

​Эмомали Рахмон Тәжікстанды 1994 жылдан бері үздіксіз басқарып келеді. 2016 жылы парламент депутаттары бірауыздан заң қабылдап, Рахмонға «Бейбітшілік пен ұлттық бірлік негізін қалаушы – Ұлт көшбасшысы» ресми мәртебесін берді. Бұл заң бойынша ол өмір бойы дербес құқықпен қорғалады, халыққа үндеу жасап, маңызды мемлекеттік шараларға қатысып, сөйлеуге құқылы. Сол кезде Тәжікстан заңына президентке тіл тигізу үшін бес жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе айыппұл салу жазасы енгізілді.

2016 жылы мамырда өткен бүкілхалықтық референдумның ресми қорытындысы бойынша, Тәжікстан тұрғындарының көбі Рахмонның өмір бойы қызметінде қалуын қолдаған, ал оның үлкен ұлы 2020 жылы президенттік сайлауға түсе алады.

Түркіменстан

Гурбангулы Бердімұхамедов 2007 жылы Түркіменстан президенті болды. Оған дейін президент болған Сапармұрат Ниязов мемлекетті 21 жыл басқарды, 1990 жылдардың басында оны «Ұлы Түркіманбашы», «әлемдегі барлық түркімендердің басшысы» деп ұлықтады.

Бердімұхамедов ұзақ уақыт Ниязовтың дәрігері болды. Оның «Арқадағ» деген атағы бар, ол «қамқоршы» деген мағына береді. 2012 және 2017 жылдары ол президент сайлауында, ресми мәліметтер бойынша 97,14% және 97,69% дауыс жинап, жеңіске жеткен.

2016 жылдың қыркүйегінде Түркіменстан конституциясына енгізілген өзгеріске сәйкес мемлекет басшысының өкілеттігі 5 жылдан 7 жылға ұзартылды. Сол кезде президентке қойылатын жас шектеуі алынып тасталды. Бердімұхамедов билігі кезіндегі жеке басқа табыну бұрынғы президент Ниязовтың тұсындағыдан кем соқпады: мемлекеттік нысандарға оның туыстарының есімі берілген, президент 50 жасқа толғанда Орталық банк оның суреті бар тиын шығарды, көзі тірісінде 24 караттық алтынмен апталған 21 метрлік ескерткіш орнатылды, оның жазған кітабының құрметіне ескерткіш ашылды.

Өзбекстан

​Шавкат М​ирзияев елді 1990 жылдан бері басқарған Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін 2016 жылы Өзбекстан президенті болды. Оған дейін Мирзияев 2003 жылдан бері Өзбекстан премьер-министрі қызметін атқарған. Мемлекетте цензура мен адамдарды саяси себеппен қудалау әлі қалса да (кейбір сарапшылар Мирзияев келгелі режим қатайып кеткенін айтады) құқық қорғау ұйымдары Өзбекстанда саяси жылымық байқалады деседі.

Каримовтың қазасынан соң Өзбекстанның жаңа президенті ел саясатын өзгерте бастады, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанмен қарым-қатынасты жақсарту мақсатында әрекеттер жасады (Каримов тұсында соңғы екеуімен қарым-қатынас салқындап кеткен еді), Өзбекстанға халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен БАҚ-тар оралды, саяси тұтқындардың біразын түрмеден шығарды, 50 елдің азаматтарына туристік виза алуды жеңілдетті.

Украина

Петр Порошенко 2014 жылы Украинада үкіметке қарсы «ар-намыс революциясы» деп аталған наразылық шеруінен соң билікке келді. Осыдан кейін мемлекет Еуроодақ пен НАТО-ға бет бұрып, Қырымды аннексия жасап алған және Донбаста әскери қимылдар бастаған Ресеймен қарым-қатынасын үзді.

2009 жылы сыртқы істер министрі қызметіне тағайындалғанға дейін Порошенко Украина ұлттық банкін басқарған. Президент болған кезінде Порошенко жемқорлыққа қатысты бірнеше дауға ілікті: Mossack Fonseca ірі заң фирмасының құжаттары әшкереленіп, оның атында Кипрде бірнеше офшор бар екені, Порошенкоға тиесілі банк арқылы Ресейге қашқан президент Виктор Януковичтің ақшасы шығарылғаны анықталды. Оны сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке тәжірибесі жоқ серіктесін қойды деп сотқа да берген.

Петр Порошенко 2019 жылғы сайлауда президенттікке түсуден үміткер екенін айтты.

Эстония

​Юри Ратас 2016 жылы бұрынғы үкімет басшысы Таави Рыйвасуге сенімсіздік вотумы тапсырылған соң Эстония премьер-министрі болды. Ратастың өзі Ресеймен шекарадағы бақылауды күшейтуді және трансшекаралық қылмыстың алдын алатын қабырға тұрғызуды қолдайды. Эстония үкіметі мұндай құрылыс салу жобасын бірнеше жылдан бері қарастырып жатыр.

Ратас 2007 жылға дейін Таллин мэрі болған, 2009 жылы қалалық кеңеске мүше болды, кейін Эстония вице-президенті қызметін атқарды. 2000 жылдары саяси мансабын бастағанға дейін ол сақтандыру компаниясында кеңесші, ғылыми-зерттеу құрылыс институтында маркетолог және сарапшы болып істеген.

Дереккөз: Азаттық