Пошта қызметін жетілдіруге жәрдемдеседі

0

Біріншіден, жаһандық цифр­ландыру электронды коммерция нарығына жол ашты. Бұл ел экономикасының басты бір буынына айналып келеді. Соңғы алты жылдың ішінде элек­трон­ды коммерция рыногы 2,5 есеге дейін өсті. Сондай-ақ бұл үрдіс пошта жөнелтілімдері көле­мінің өсуіне де алғышарт қалады.

Осы орайда «Қазпошта» АҚ таяу уақытта 35 миллион зат­тай жөнелтілімді (посылка) дітте­ген жеріне жеткізуді жоспарлап отыр. Оның 45 пайызы ел ішіндегі үлесті құрайды. Екін­шіден, жөнелтілімді жеткізу уақы­тын қысқарта отырып, елі­міздің батыс өңірлерін қамту үшін Қытайдан және Ресейден Ақтөбеге тікелей әуе рейстерін ашу жолдары белгіленді. Қа­зір­гі кезде елімізде пошта жө­нел­­тілімдерінің көлемі мен ауқы­мы әжептәуір өскендіктен Алматы қаласындағы ақпарат­тық-логистикалық орталық­қа тү­сетін салмақ пен жүктеме өсе түскені де белгілі болып отыр. Ақтөбедегі осы тектес жаңа құ­­ры­­лым жүктемені азайтуға және халықаралық пошта жө­нел­тілім­дерінің уақыты мен жолын әжептәуір қысқартуға оң әсерін тигізбек. Бұл АЛО-ның үшінші артықшылығы.

Төртіншіден, алдағы уақыт­та темір жол магистралдары ба­ғыттарында арнаулы пошта вагондарын пайдалану тәжі­рибесі тоқтатылмақ. Яғни пош­та болашақта еліміздегі таяу және алыс шетелдерге әуе рейс­тері арқылы жеткізіледі. Ал ел ішінде бұл мақсатта жүй­рік ав­токөліктер тиімді деп табылған.

Ақтөбе ақпараттық-логистика орталығы өңірлер арасында тұң­ғыш рет пайдалануға беріл­уі­­мен ерекшеленеді. Бұл жө­нінен өндірістік өңір Алматы мен Астана мегополистеріне ғана жол береді. Айталық бұған дейін мұндағы пошта сұ­рыптау учаскесі күніне 6000 жөнелтілімді жүйеге келтіріп әзірлесе, «Батыс» жаңа логистика орталығының ашылуына орай бұл көрсеткішті төрт есеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік туды. Оның 40 пайызы ұсақ пакеттер болса, 25 пайызын хаттар құрайды. 35 пайызы – заттай сәлемдемелер.

Заманауи логистика мен сұ­рыптау орталығының жалпы көлемі 3500 шаршы метрді құ­райды. Оның іске қосылуына байланысты 80 жаңа жұмыс орны ашылды. «Батыс» бүгінгі заманғы қондырғылармен және жаңа цифрлы техникалармен толықтай жабдықталған. Мұнда қауіпсіздік және бейне бақылау жүйелері жұмыс істейді. Кешенді құрылым халықаралық жөнелтілімдерді кідіртпей жет­кізуге мүмкіндік туғызады. Сон­дай-ақ ірі әрі салмағы ауыр пош­та жөнелтілімдерін қабыл­дауға, жөнелтуге және тасы­малдауға негіз қалайды. Бұған қоса «Фулфилмент» қызметін жолға қоюға жәрдемдеседі. Аталған жаңа термин қандай тү­сінікті білдіреді? Біз бұл сауалды «Қазпошта» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Серік Берденовке қойған едік.

– «Фулфилмент» қызметі «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға сәйкес «Қазпошта» жүйесіне енгізілген. Аталған жоба еліміздің аумағында электрондық коммерция қызметін жаппай өрістетуді көздейді. Яғни «Фулфилмент» орталығы дегеніміз, тұрғындарға интернет-дүкеннің кешенді қыз­метін ұсынады. Бүгінде Ақтө­бедегі осы тектес орталық қа­жетті қондырғылармен толық жабдықталған. Соның арқасын­да жылда 160 мың интернет-дү­кен жөнелтілімдерін реттеу мүм­кін­дігі туды. Бұл ретте бізге «АкРуно» ЖШС аталған ауқым­ды жобаны әзірлеу мен енгізуге үл­кен көмегін тигізді, – деді ол.

«Қазпошта» жүйесіне енгі­зілген жаңа жоба бизнес жүргізу үшін жайлы орта қалыптасуына да әсерін тигізеді. Жоба жетек­ші­лері рес­публика бойынша «Қаз­пош­­та­ның» 3500 бөлімшесі бар еке­нін ескерген жағдайда интер­нет-дү­кен­ге арқа сүйейтін сала­лық бизнес өте тиімді екенін алға тартады.

 

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ

Дереккөз: http://egemen.kz/