Порошенко Зеленскиймен стадионда пікірсайыс өткізуге келісті

0

Украинаның қазіргі президенті әрі президенттікке кандидат Петр Порошенко саяси бәсекелесі әртіс Владимир Зеленскийдің екеуара пікірсайысты стадионда өткізу туралы ұсынысына келісті. 31 наурызда Украина президенті сайлауының алғашқы кезеңінде ең көп дауыс алған Зеленский өзінен кейінгі орындағы Порошенкомен Киевтегі «Олимпийский» стадионда кездесіп, пікір таластыруға әзір екенін мәлімдеген.

Порошенко сайлау туралы заңда кандидаттар пікірсайысы ондаған миллион адам көруі үшін қоғамдық телеарна студиясында өтеді деп көрсетілгенін ескертіп, әйткенмен дебатты стадионда өткізу туралы Зеленскийдің ұсынысын қабыл алған. «Бірақ стадион болса, мейлі. Мен сізді күтемін, Владимир Александрович» деп мәлімдеді Порошенко Twitter әлеуметтік желісіндегі парағында жариялаған видеороликте.

Бұған дейін Порошенко Telegram-каналында сауалнама жариялап, «Президент сайлауы туралы» заңда кандидаттар пікірсайысы сайлаудың екінші кезеңі алдындағы жұмада тікелей эфирде өтеді деп жазылғанын еске салды. Сауалнама жауап бергендердің көбі пікірсайысты заңға сай өткізуді жақтаған.

Зеленскийге жауабында Порошенко «президент және жоғарғы бас қолбасшы болу» деген «ойын мен ұнауға тырысу» емес деп мәлімдеді. Сайлау пікірсайысы әлдебір «шоу емес» және оны «стадионда қызықтау үшін» өткізбейді деді Порошенко. Оның сөзінше, өзі мен бәсекелесінің «геосаяси сағаттарының тілдері» мүлде «қарама-қарсы бағытқа» қарап тұр. Порошенко Украинаны ешкімге ешқашан тізе бүкпейтін еуропалық қуатты мемлекет ретінде көргісі келетінін айтқан.

Осының алдында Владимир Зеленский егер Киевтегі «Олимпийский» стадионында өткізуге келіссе, онда Порошенко штабының пікірсайыс өткізу туралы ұсынысын қабыл алуға әзір екенін мәлімдеген. Бұға қоса ол пікірсайысқа барлық журналистер қатыстырылсын, оны тікелей эфирде көрсетуге барлық телеарналарға рұқсат берілсін деген талаптар қойған. Зеленский өзін Порошенконың «Кремльдің немесе Коломойскийдің қуыршағы», «ватник» және «малоросс» деп емес, «Украина президенттігіне кандидат» деп атауын талап еткен.

Оқи отырыңыз: Украина сайлауында шоумен алда келеді

Украина Орталық сайлау комиссиясының бейсенбіде жариялаған мәліметі бойынша, 31 наурызда өткен президент сайлауының бірінші кезеңінде сайлаушылардың 30 пайыздан астамы Владимир Зеленскийді қолдаған, ал 16 пайызға жуығы Петр Порошенкоға дауыс берген.

Президент сайлауының екінші кезеңі 21 сәуірге белгіленген.

Azattyq