Помпео Ташкентке «С5 + 1» форматы аясында өтетін жиынға барды

0

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Шығыс Еуропа мен Орталық Азия сапары аясында 3 ақпанға қараған түні Өзбекстаға барды.

Ташкент әуежайында оны Өзбекстан сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов күтіп алды. Дүйсенбіде Помпео Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркменстан мен Өзбекстан сыртқы істер министрлерімен бірге «С5 + 1» форматы аясында өтетін кездесуге қатысады деп жоспарланған.

«Біз, әрине қауіпсіздік, Орта Азия елдерінің арасындағы экономикалық интеграция, саяси еркіндік, экономикалық климат пен адам құқығы саласында әр елдің гүлдену мүмкіндігі жайлы айтатын боламыз» деген Ташкентке барар алдында Помпео.

АҚШ мемлекеттік хатшысы бұл сапарында Өзбекстан перзиденті Шавкат Мирзияев және сыртқы істер министрі Абдулазиз Камиловпен кездеседі деп хабарланған.

Ислам Каримовтің автократиялы билігі тұсында Өзбекстан Батыстан оқшауланды, әсіресе 2005 жылы Әндіжанда бейбіт халық қырылған соң бұл ел тіпті тұйықталып қалды. Оның үстіне Өзбекстан жемқорлық жайлаған ел ретінде танылды.

2016 жылы Каримов дүние салған соң билікке келген Шавкат Мирзияев реформалар жүргізуге уәде еткен. Ол тек Вашингтонмен ғана емес, Еуропа елдерімен, тіпті Уолл стрит пен Лондон сияқты әлемдік қаржы орталықтарымен жаңа экономикалық және саяси қарымқатынас орнатуға кірісті. Сондай-ақ ол елдегі табыстың басты көзі саналатын әрі адамдарды, соның ішінде балаларды күштеп жұмысқа жегуге себеп болып жатқан мақта өндірісіне мәжбүрлі жұмыс күшін пайдаланудың түп-тамырын жоюға бағытталған жарлыққа қол қойған. Алайда Азаттықтың Өзбек қызметі — Озодлик радиосына келген хат-хабарламаларда Өзбекстанда бюджет қызметкерлерін мақта теріміне мәжбүрлеп жіберу тыйылмай келе жатқаны айтылады.

Реформалардың қаншалық ауқымды әрі тұрақты болары әлі белгісіз. Мирзияевтің үкіметіндегі министрлердің кейбірі бұрыннан келе жатқан басшылар, арасында бұрын жемқорлық істеріне қатысы болғандар да кездеседі.

Биыл қаңтардың 5-і күні ел азаматтары парламенттің төменгі палатасы – Олий Мажлис сайлауының екінші кезеңіне дауыс берді. Келесі күні жарияланған сайлаудың түпкілікті қорытындысы бойынша, 150 орындық палатаға өзара бәсекеге түскен билікшіл бес партияның өкілдері сайланды.

Оппозициялық партиялар мен қоғамдық ұйымдардан түспек болған тәуелсіз кандидаттарды, бұрынғы президент Ислам Каримовтың кезіндегідей, бұл жолғы сайлауға да қатыстырмады. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бақылаушылары Өзбекстанда парламент сайлауы бұрынғымен салыстырғанда еркіндеу өткенімен, жүйедегі өзгерістер оппозицияның орнын толтыра алмады деп мәлімдеген.

Azattyq