Помпео Қытайдың ұйғырларға қысымын «ғасырдың қара таңбасы» деп атады

0
63

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Қытайдың ұйғырларды қайта тәрбиелеу лагерьлерінде ұстап отыруын «ғасырдың қара таңбасы» деп атады. «Қытайдағы жағдай – адам құқығы саласындағы бүгіннің ең үлкен қасіреті» деді Помпео. Бұл туралы мемлекеттік хатшы Вашингтонда өтіп жатқан конференцияның соңғы күні, 18 шілдеде айтты.

Помпеоның сөзінше, Пекин АҚШ ұйымдастырған дін бостандығы жөнінде конференцияға бірнеше мемлекеттің қатыспауына ықпал еткен.

Ол нақты қай елдердің, қанша мемлекеттің Қытай сөзіне еріп келмей қалғанын айтқан жоқ. Бірақ «келуден бас тартқан елдерді есепке алдық» деп, оларды Қытай ықпалына қарсы тұруға шақырды.

15 шілдеде 37 елдің БҰҰ-дағы елшілері осы ұйымның Адам құқығы жөніндегі кеңесіне хат жазып, Пекиннің Шыңжаңдағы саясатын қолдайтынын мәлімдеді. Олардың қатарында Ресей, Сауд Арабиясы, Беларусь, Тәжікстан, Түркіменстан бар.

Сонымен бірге хатта Шыңжаңда барлық этникалық топтардың «негізгі құқықтары сақталатыны», Пекин әрекетінің арқасында «аймақтағы жағдайдың қауіпсіз бола бастағаны», соңғы үш жылда мұнда террористік шабуыл болмағаны айтылады. Хат авторлары бұған қоса Шыңжаң тұрғындарының «бақытты әрі тату-тәтті өмір сүріп жатқанын» атап өткен.

Мұның алдында БҰҰ-ның Адам құқығы кеңесіне Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын сынайтын хат түскен. Жапония, Австралия, Ұлыбритания, Канада, Франция, Германия, Швейцария бастаған 22 елдің БҰҰ-дағы елшілері Шыңжаңдағы діни азшылықтар қамауда отырған лагерьлердегі қысымды айыптаған.

Оқи отырыңыз: Қазақстанның көршілері мен одақтастары Шыңжаңдағы саясатты неге қолдады?​

2017 жылы көктемінде Шыңжаң аймағындағы аз ұлттар қысым көріп, олардың кейбірі лагерьлер қамалып жатқаны айтыла бастаған. БҰҰ Шыңжаңдағы «саяси тәрбиелеу орталықтарында» миллионға жуық адам «еркінен тыс» қамауда отырғанын, олардың арасында ұйғырлар мен қазақтар барын мәлімдеген. Қытай үкіметі басында саяси тәрбиелеу орталықтарының барын жоққа шығарып келді. Кейін Пекин Шыңжаңдағы саясатын «экстремизмге қарсы шара» деп атап, адамдар еркінен тыс отырған лагерьлерді «тіл үйреніп, кәсіпке баулитын » орталықтар деп түсіндірген еді.

Azattyq