Помпео Қытай билігін «адам құқығын бұзып жатыр» деп сынады
Қытай билігі Пекиндегі Тяньаньмэнь алаңында қауіпсіздікті күшейтті. Қазір Тяньаньмэнь алаңында тексеру пунктері мен полиция көбейген. Сол маңдағы метро станциялары мен алаңда полиция туристер мен тұрғындардың құжатын тексеріп жатқаны хабарлады. Полиция шетелдік журналистерді алаңға өткізбей, суретке түсіруге де тыйым салды.
Дәл осы жерде 1989 жылы маусымның 4-і күні мыңдаған студент пен жұмысшылар наразылыққа шығып, биліктен демократиялық өзгерістер мен жемқорлықпен күрес талап еткен. Алты аптадан кейін Қытай билігі Тяньаньмэнь алаңына әскер мен танк жіберіп, наразыларды өлтірген. Пекин Тяньаньмэнь алаңындағы наразылықта қанша адамның қаза тапқанын жариялмады. Қытай билігі бұл наразылық жайлы ашық айта бермейді.
Коммунистік партия ертең, маусымның 4-і күні бұл оқиғаның 30 жылдығын ресми түрде атап өтпейді.
ПОМПЕОНЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІНДЕ НЕ АЙТЫЛҒАН?
Маусымның 3-і күні АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео отыз жыл бұрын Тяньманьмэнь алаңына шыққандарда «құқықтарын талап еткен Қытайдың батырлары» деп атады.
«АҚШ Қытай халықаралық қауымдастықпен бірігіп жұмыс істеп, ашық қоғам құрады деп үміттенген еді. Бірақ бұл үміт ақталмады. Бір партиялы Қытай билігі өзгеше ойлайтындарды жазалап, адам құқықтарын бұзып жатыр. Қазір Қытай азаматтары жаңа қысымға тап болды, әсіресе коммунистік партия Шыңжаңда ұйғыр мәдениетін жоюға, ислам дінін ұстанатындарды жазалауға тырысып жатыр. Қазір бір миллионнан астам діни азшылық топтар қамауда отыр» деп жазылған Помпео мәлімдемесінде.
АҚШ мемлекеттік хатшысының сөзінше, «Қытай билігі өз құқығын қорғап, ойын ашық айтқандарды жазалап, қамап жатыр».
«Біз Қытай билігін Тяньаньмэнь алаңындағы наразылықта қаза тапқан, іс-түссіз жоғалғандар жайлы барлық деректерді жариялауға шақырамыз. Пекинді өз құқықтарын талап етіп қамалғандарды, саяси көзқарасы, діни-наным сенімі үшін қамауда отырғандарды босатуға шақырамыз. Қытай Конституциясында билік халыққа тиесілі деп жазылған. Билік өз азаматтарының айтқанына құлақ асқанда, заң үстемдік құрғанда, адам құқығын құрметтегенде ұлттың мықты болатынын тарих көрсетті» деді Помпео мәлімдемесінде.
ҚЫТАЙДЫҢ ЖАУАБЫ
Қытайдың Вашингтондағы елшігінің өкілі Помпео сөзін «қытай халқын қорлау» деп мәлімдеді. Елшілік өкілінің сөзінше, Қытай 1989 жылғы Тяньаньмэнь алаңында болған саяси оқиғаға қатысты үкім шығарған.
Қытайдың АҚШ-тағы елшілігі «Помпео адам құқығын сылтау етіп, Қытайдың ішкі ісіне араласты» деді. Елшілік пікірінде «Қытайдың тыныштығын бұзғысы келетіндердің күлі ғана қалады» деп жазылған.
Қытай билігі 30 жыл ішінде 1989 жылғы Тяньаньмэнь алаңындағы оқиғаны еске алатын шара ұйымдастырмады. Жақында Қытайдың қорғаныс министрі Вей Фэнхэ Сингапурдегі аймақтық форумда «Орталық үкімет Тяньаньмэнь алаңындағы саяси толқуды тоқтату үшін дұрыс әрекет жасады. Сол кезде жасалған жұмыстардың арқасында қазір Қытай халқы бақытты өмір сүріп жатыр» деді.
Батыс елдері мен халықаралық ұйымдар бұған дейін де бірнеше рет Қытай үкіметінен 1989 жылғы оқиғаға тәуелсіз тексеру жүргізу туралы ұсыныс, талаптар айтқан. Бірақ Пекин бұл ұсыныстарға құлақ аспаған.