Помпео мен Мәсімов президент сайлауы және Шыңжаң мәселесін талқылады

0

26 сәуірде АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Вашингтонда Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовпен кездесті деп хабарлады АҚШ мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Морган Ортагус.

АҚШ мемлекеттік департаменті сайтында жарияланған хабарламаға сәйкес, Помпео мен Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, «арнайы президент уәкілі» Мәсімов елдегі «тарихи транзит» пен маусым айында өтетін президент сайлауы, сонымен бірге «терроризммен күрес саласында екіжақты әріптестікті» талқылаған.

Морган Ортагустың хабарлауынша, АҚШ мемлекеттік департаменті Қазақстанның «Ауғанстандағы бейбітшілікті қолдауын құптап», «Қытайдың батысындағы адам құқығы жағдайының ушығуы» мәселесін қозғаған. Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінде қамалған мұсылмандар арасында этникалық қазақтар да бар екені көптен бері айтылып келеді. Помпео бұл жағдайдан зардап шеккендерге АҚШ-тың қолдау көрсететінін жеткізген.

Қазақстанның ҰҚК ресми сайтында әзірге бұл кездесу жайлы ақпарат шықпады.

Шыңжаң аймағындағы лагерьлер жайлы алғаш рет 2017 жылдың көктемінде айтыла бастаған. БҰҰ Шыңжаңдағы «саяси тәрбиелеу орталықтарында» миллионға жуық адам «еркінен тыс» қамауда отырғанын мәлімдеген. Қытай үкіметі басында бұл орталықтардың барын жоққа шығарып келді. Кейін Пекин Шыңжаңдағы саясатын «экстремизмге қарсы шара» деп атап, адамдар еркінен тыс отырған лагерьлерді «тіл үйреніп, кәсіпке баулитын » орталықтар деп түсіндірді.

Құқық қорғаушылар мен ондай лагерьде болған азаматтар бұл орталықтардың білім беру мекемесінен гөрі түрмеге ұқсайтынын, онда отырған адамдарға қысым жасалатынын айтқан.

Қазақстанда президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Қазіргі кезде елдегі қоғамдық-саяси ұйымдар атынан сайлауға жеті үміткер ұсынылды. Олардың арасында қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бар.

Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл наурыздың 19-ы күні президенттік өкілетін тоқтататынын кенеттен мәлімдеп, сол кезге дейін сенат спикері болған Қасым-Жомарт Тоқаевты орнына уақытша президент етіп қалдырған. Ал сәуірдің 9-ы күні Тоқаев Қазақстанда биыл маусымның 9-ы күні кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялаған.

Azattyq