Помпео Азаттыққа берген сұхбатында Шыңжаңдағы қысым мен адам құқығы туралы айтты

0

2 ақпанда Нұр-Сұлтанда АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Азаттық радиосына экслюзивті сұхбат берді. Ол Шыңжаңдағы қысым, адам құқығы, Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы байланыс, сөз бостандығы мәселелеріне тоқталды.

— Шыңжаңдағы жағдайға келсек, Қытай үкіметіне де, бүгінгі сапар барысында Қазақстан үкіметіне де әркіммен қажетті дәрежеде дұрыс қарым-қатынас жасау керектігін күтетінімізді анық жеткіздік. Ал ол жақта [Шыңжаң — ред.] мүлде басқа нәрсе болып жатыр. Қазақстан Қытай сұраса да, азаматтарды [«шекараны заңсыз кесіп өтті» деп айыпталған Шыңжаң қазақтары — ред.] еліне қайтармай, дұрыс істеді. Біз бұған қуаныштымыз. Бірақ бұл шешілуі тиіс мәселе екенін түсінеміз. Фундаменталды негізгі адам құқықтары маңызды, — деді Майк Помпео.

Оқи отырыңыз: Помпео Шыңжаңдағы қудалауға байланысты Қытай билігіне қысым жасауға шақырды

Қазақстан басшыларымен кездесуде адам құқығы сияқты өткір мәселелер қозғалды ма деген сұраққа АҚШ мемлекеттік хатшысы келіссөзде не болғанын нақты айта алмайтынын, бірақ баспасөз жиынында «Қазақстан ғана емес, аймақтағы адам құқығының жағдайы талқыланғанын» жеткізді.

— Бұл мәселеде жағдай әрі қарай да жақсы жаққа өзгеруі үшін АҚШ-тың қолұшын беруге дайын екенін анық жеткіздік, — деді Помпео.

Сұхбаттың толық видеонұсқасын 3 ақпанда Азаттық сайтынан көріп, оқи аласыздар.

Бұған дейін Помпео сапары қарсаңында Қазақстанда белсенділер үндеу жасап, АҚШ мемлекеттік департаментін елдегі адам құқығын бұзу фактілеріне назар аударуға шақырған еді.

Қазақстандық құқық қорғаушылар түрлі қылмыстық айып тағылып, сот үкімімен түрмеге жабылған 16 адамды «саяси тұтқын» деп таныған. Құқық қорғаушылардың пікірінше, Қазақстанда президент ауысқанымен саяси тұтқындарға байланысты мәселеде ешқандай өзгеріс байқалмайды, белсенді азаматтарды түрлі айып тағып, қудалау бұрынғысынша жалғасып отыр.

Постсоветтік төрт елге сапарын жалғастырып жатқан АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео 1 ақпанда түнде Нұр-Сұлтанға ұшып келген. 2 ақпанда ол Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді және президент Қасым-Жомарт Тоқаев, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті. Жексенбі күні Тоқаев пен Назарбаевпен кездесуден бұрын ол туыстары Шыңжаңда қамалған азаматтармен де кездескен.

АҚШ мемлекеттік департаментінің мәлімдемесінде Помпеоның сапары «Орталық Азиядағы бейбітшілік, гүлдену және қауіпсіздікке деген ортақ ұстанымды бекіту» мақсатын көздейді делінген.

Azattyq