POLISIA МА, POLICE МЕ? | «Айқын» газеті

0
103

Ішкі істер министрлігі 2005 жылдан бері полицейлердің киім үлгісін бір жаңартпаған екен. Биыл осы олқылықтың орнын толтырмақ болып іске кірісіп еді, онысы аса сәтті шыға қоймады. Талқылау үшін ел назарына ұсынылған киім үлгілерінен гөрі, киімдегі жазулар пікірталас нысанына айналды. Иә, көзі қырағы жұрт «полиция» сөзінің латын графикасындағы нұсқасынан «қате» тапты.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқыту­шысы Қалдыбай Арыстанбекұлы жаңа емле ережелері бойынша полиция сөзі politsiia емес polisia деп жазылу керегін айтты.
– Өйткені халық арасында наси­­хат­талып жүрген емле ережелер­дің 78-параграфында «ц әрпі және сц әріп тіркесі s әрпі арқылы жазы­ла­ды: sırk, sıfr, sılındr, sırkýl, desımetr, medısına, proporsıonal, abzas, kvars, konstıtýsıa, korporasıa, seh, senarı, sıofıt, abses, absısa, plebısıt» делінген. Осы тараудың ескертуінде «қатар келген ц әрпі ts тіркесі арқылы таңба­ланады: pitsa, nitsa» делінген, ал 83-параграфтың ескертуінде: «и әрпінен кейін тұрған я-ның орнына а жазылады: qıar, sıa, túrkıa, jarıa» де­лінген. Алайда емле ережелері әлі де талқыланып жатыр. Менің ойым­ша, «полиция» сөзін орыс тілін­дегі дыбысталуы бойынша емес, туысқан түркі (әзірбайжан, түрік, түркімен) тілдеріндегідей «polis» деп алған жөн секілді, – деген пікір білдірді. Десе де ол әліпбидегі кейбір кемшіліктер түзелмей тұрып, латын графикасын ресми мекемелерде қолдану дұрыс емесін айтады.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек те латын әліпбиінің соңғы нұсқасы бекітілмей, асығу­дың реті жоғын ескертіп отыр.

– Бізде әлі латын қарпімен жазу­­дың соңғы нұсқасы бекітілген жоқ. Бұл бәріне оңай жұмыс сияқты көрінеді. Алайда қазіргі уақытта біз­­дің тілдік реформамыздың мәні – сөздердегі әріптерді ауыс­тыр­мау. Егер қазір әріптерді алмас­тырып, сол қалыппен латын қар­пі­не көшсек, онда ол ешқандай да ре­форма болмайды. Қазақша жа­зуымыз керек. Мәселен, «поли­ция» сөзін алайық. Менің пікірім­ше, бұл сөзді police деп қалдыруы­мыз керек. Polisia деп жазу дұрыс немесе дұрыс емес деп айта ал­маймын. Меніңше, қазіргі кезде латын қарпімен жазудың қажеті жоқ. Әуелі латын қарпінің емле ережесі бекітілсін. Соңғы нүктесі қойыл­сын. Егер латын қарпінің емле ережесіне өзгерту енгізілетін болса, онда киімге жазылған жазу­ды өзгерту қосымша шығын әкеледі ғой», – дейді ол.
Ішкі істер министрлігі шығынға батпау үшін тіл мамандары ендігі кезекте ұзаққа созбай латын қар­пінің емле ережесінің соңғы нұс­қасын ұсынғандары жөн-ау. Егер осы қалыппен жүре берсек, латын әліпбиіне бүгін-ертең көшетін түріміз байқалмайды. Осыдан бір жыл бұрын, 26 мамырда Ақордада өткен Рухани жаңғыру жөніндегі ұлттық комиссияның екінші оты­рысында Ерден Қажыбек мырза БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында: «Барлығымыз ақылдаса отырып, ортақ бірыңғай латын әліпбиін дайындап жатырмыз. Жыл соңына дейін бекітеміз» деген болатын. Ғалым сөзіне салсақ, соңғы нұсқа 2017 жылдың соңында бекітілуі тиіс еді. Алайда көріп отырғаны­мыз­дай, 2018 жылдың соңына жеттік, ал латын әліпбиінің соңғы нұсқасы әлі бекітілген жоқ. Ал бұ­дан бейхабар жұрт, әсіресе бизнес субъектілері мекемелерінің атауын латын қарпіне ауыстырып жатыр. Ертеңгі күні басқа нұсқа қабыл­данса, мекеме маңдайшаларындағы латын қарпімен жазылған жазу қате болып шықпай ма? Осын­дай­да бәлкім, Ішкі істер министрлігі полицейлер киімін жаппай тігуді тоқтата тұруы керек шығар деген ой келеді екен…

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

Дереккөз: Айқын