Полицияның киім үлгісінен бұрын кәсіби біліктілігін арттыру қажет

0

2018 жылғы 25 желтоқсан 13:09 88

Полицияның киім үлгісінен бұрын кәсіби біліктілігін арттыру қажет - Бақыт Әбішев

АСТАНА. ҚазАқпарат — Полицияның киім үлгісін өзгерткеннен гөрі кәсіби біліктілігін арттыру қажет  еді. Бұл туралы бүгін «Құқық қорғау органдары қызметінің ашықтығы» атты конференция барысында  ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқықтық статистика комитеті төрағасының орынбасары Бақыт Әбішев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта қылмыстық процесті цифрландырумен айналысып жатырмыз. Реформа жүргізудеміз. Егер оны түбегейлі жүргізбесек, өкінішке орай бізде ештеңе де шықпайды. Бұл мәселеге барынша тыңғылықты дайындықпен келуіміз қажет», — деді ол.

Оның айтуынша, еліміздің шалғай аудандарындағы, елді мекендеріндегі полиция бөлімдері қызметкерлерінің кадрлық әлеуеті өте төмен.

«Сондықтан қазіргі уақытта қаржыны олардың киім үлгісіне емес, ең бірінші кезекте әлеуеттерін арттыруға, қайта оқытуға жұмсаған дұрыс сияқты. Материалдық базаның қажеттілігі, жалақыларын көтеру керектігі түсінікті. Тәулік бойы жұмыс істейтін тергеушінің жалақысы жүктемеге сай келмейді. Меніңше, бұл дұрыс емес. Келесі 2019 жыл  полиция органдары жүйесін реформалау үшін маңызды жыл болмақ», — деді Бақыт Әбішев. 

 

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz