Полиция реформасын талап етуші топ митинг өткізбекші

0
92

Бүгін, 19 шілдеде Алматыда «ҚР ІІМ-ді реформалауды талап етеміз» («Требуем реформу МВД РК») қауымдастығына мүше азаматтар реформаны жылдамдатуды талап етіп, митинг өткізетіндерін мәлімдеді. Олар жергілікті билікке митинг өткізетіні жайлы ескерту де жасап қойған. Конституцияға сүйенген белсенділер шеру өткізу үшін билікке ескерту жасау жеткілікті деп есептейді.

Жиында соңғы бір жылда болған өзгерістерді атап өткен топ мүшелері «полицияны реформаламау ісінің» өте баяу жүріп жатқанын айтып, полиция жұмысын сынады. Полиция халықпен ашық жұмыс істеуге күш салуы тиіс деді олар. Жиын барысында олардың айлығының көбейгені құптарлық жайт екенін де айтты.

«ҚР ІІМ-ді реформалауды талап етеміз» тобы былтыр спортшы Денис Теннің өлімінен кейін құрылған. Аз уақыт ішінде топқа 15 мың мүше тіркелді. Топтың алғашқы талаптарының бірі сол кездегі ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовты және Алматы қалалық полиция департаментінің директоры Серік Күдебаевты отставкаға жіберу еді.

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы Денис Тен былтыр 19 шілдеде Алматыда ауруханада қайтыс болған. Көшеде тұрған автокөлігінің айнасын ұрлағандарды тоқтатпақ болған спортшыны екі адам пышақтап кеткен. Кейін бұл оқиға бойынша Құдайбергенов, Қиясов және Толыбаева ұсталған.

17 қаңтарда Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты спортшы Денис Теннің өліміне байланысты айыпталған Арман Құдайбергенов пен Нұралы Қиясовты – 18 жылға, Жанар Толыбаеваны 4 жылға бас бостандығынан айырған.

Azattyq