Полиция қызметкері көршілерін өрттен құтқарды

0
20 Желтоқсан 2018, 09:59 331 0

Фото: astana.gov.kz

Астана, BAQ.KZ. Қоянды ауылының тұрғыны Астана қаласы ПД-нің кинологиялық қызмет орталығының кіші инспектор-кинологы Ақбота Есенбаеваға алғысын білдіріп, қалалық полиция департаментіне хат жолдады. Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.

11 желтоқсанда сағат 22:30-да жер үйде өрт шығып, ғимараттың оң жағы жана бастаған. Үй тұрғындары үш ересек және 4-7 жастағы екі бала ас бөлмеде болған. Олар үйдің жанып жатқаны туралы білмеген.

«Жанған үйге көрші тұратын Ақбота бір түрлі дыбыстың шыққанын естиді. Кейін ол жолдасымен бірге сыртқа шығып көршілерінің үйі өртеніп жатқанын байқаған. Олар бірден көршісіне барып үйдің жанып жатқанын айтқанда, көршілері үйлерінің жанып жатқанын білмеген», — делінген полиция департаментінің баспасөз хабарламасында.

Олардың айтуынша, егер Ақбота мен жолдасы болмағанда, оқиғаның арты қайғылы жағдайға ұласуы мүмкін еді. Ақбота мен Хамит Есенбаевтар көршілерін далада қалдырмады. Міне, тілсіз жаудан зардап шеккен жанұяның Ақбота мен Хамиттің үйінде тұрып жатқанынан бір аптадан асты. Көршілер бір шаңырақ астында тұрып жатыр. Ақбота мен Хамиттың де екі баласы бар. Астана қаласы ПД-нің кинологиялық қызмет орталығының кіші инспектор-кинологы Ақбота Есенбаеваның бұл салада 12 жылдық еңбек өтілі бар.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ