Полиция қызметін модернизациялаудың жол картасы бекітілді

0

Қазақстанда полиция қызметін модернизациялаудың жол картасы бекітілді. Үкімет бекіткен ішкі істер органдарын модернизациялаудың 2019-2021 жылдарға арналған жол картасында полиция қызметінің тиімділігін арттыру, полицияның басшылық құрылымында штат санын 10 пайызға дейін азайту, полиция қызметкерлерінің жаңа стандартын бекіту қарастырылған.

Жол картасында полиция формасын жаңалау, полиция, қылмыстық атқару жүйесі және азаматтық қорғаныс органдары қызметіне талдау жасау, ішкі істер министрлігі орталық аппаратының жаңа құрылымын, аумақтық полиция департаменттері мен аудандық полиция басқармаларының типтік құрылымын бекіту қарастырылған. Сонымен қатар жол-патруль полициясын патруль полициясы қылып өзгерту жоспарланған.

Жол картасы аясында бұған қоса полиция қызметкерінің жеке бас қасиеттері мен кәсіби біліктілігіне қойылатын жаңа талап әзірленіп, полиция қызметкерлері кезектен тыс аттестациядан өткізіледі.

Модернизация аясында полиция қызметіне ішкі істер министрлігінің оқу орындарын бітіргендерді ғана алатын жүйе құрып, арнайы алғашқы дайындық мерзімін біліміне байланысты 6 айға дейін ұзарту көзделген.

Оқи отырыңыз: «Банда» видеосынан кейін реформа талабы қайта күшейді

Қазақстанда былтыр жазда спортшы Денис Теннің өлімінен соң қоғамда полицияны реформалау талабы көтеріле бастаған. Одан кейінгі полицияның қызметіне қатысты видео таралған соң бұл талап тіптен күшейген.

Дереккөз: Азаттық