Полиция Қарағанды облысында атылған белсенді Бақтыбаевтың қазасын тергейді

0

Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы Атасу ауылында жергілікті белсенді Ғалы Бақтыбаевты белгісіз береулер атып кетті. Бақтыбаевты танитындар оның жиырма жылдан бері белсенділікпен айналысып жүргенін айтады.

Жаңаарқа аудандық полициясы облыстық департаментке сілтеп, Ғалы Бақтыбаевтың қазасына байланысты пікір білдіруден бас тартты. Қарағанды облыстық полиция департаменті Азаттық тілшісіне «Атасу ауылының оқ тиген 59 жастағы тұрғынының мәйіті 28 мамырда табылды» деп хабарлады. Қылмыстық кодекстің «адам өлтіру» бабы бойынша іс қозғалған. Полиция хабарламасында қаза тапқан азаматтың тегі мен істің жай-жапсарын айтылмайды.

«Қылмысты ашу үшін Жаңаарқа ауданының полиция бөлімі мен департаменттің тәжірибелі қызметкерлері қатарынан жедел-тергеу тобы құрылды. Тергеу барысы полиция басшылығы мен прокуратура бақылауында болады. Бұдан өзге ақпарат, қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес, жария етілмейді» деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қарағандыда тұратын азаматтық белсенді Айтқожа Фазыловтың сөзінше, қазасынан бірнеше ай бұрын Ғалы Бақтыбаевқа қастандық жасалған. Фазылов «Биыл ақпанда Бақтыбаевтың үйіне бетперде киген әлдекімдер басып кіріп, ұрып кеткен соң белсенді ауруханада жатты» дейді.

— Қазақстан қоғамының белгілі бір бөлігі үшін оның қазасы — ауыр қайғы. Ол өте батыл адам еді. Осы қасиеті тағдырын шешті. Ғалы халық қорғаушысы болды, Жаңаарқаның маңызды мәселелерін көтерді. Оған көп адам көмек сұрап келді. Ешкімді қолын ұшын берместен қайтармайтын. Әкімдерге, министрлерге үндеу жасап, соттарға да қатысты, біразында жеңіске де жетті. Ауданда ол қозғамайтын мәселе болған емес. Ғалы әлеуметтік мәселелермен айналысатын. Саясатқа араласпады, — дейді Фазылов.

Белсенді Ғалы Бақтыбаевтың жаназасы қашан шығарылатыны белгісіз.

Azattyq