Полиция наразылық акциясына шыққандарды Ақордаға жібермей тұр
Қазақстан президентінің резиденциясы «Ақордаға» беттеген 60-қа жуық наразы адамды полиция бөгеді. Наразылық акциясына шыққандар Қазақстан қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевпен, парламент сенатының спикері Дариға Назарбаевамен, Қазақстан президенті әкімшілігінің жетекшісі Ерлан Қошановпен кездестіруді талап етіп тұр.
Наразылық акциясына шыққан адамдар арасында пәтер алу үшін алдын ала үлес ақша салып, қайта ала алмаған үлескерлер мен көп жылдан бері кредитн өтей алмай жүрген борышкерлер және сот шешіміне наразы әртүрлі топтар бар. Олар бұрын жеке наразылық білдіріп жүргенін, осы жолы наразылыққа бірге шыққанын айтады. «Талабымыз әртүрлі болғанымен, төменгі биліктен әділдік таппай жүрген мүддеміз бір» дейді.
Мүгедек бала бағып отырған әйелдер атынан келген белсенді тұрғын үйді сатып алу құқығымен жалға беруді сұрайды. Сот шешіміне наразылардыың ішінде Қазақстанның бірнеше өңірінен келгендер бар. Олар бастарына түскен әділетсіздікке Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қана ара түсе алады деп санайды. Бірақ Тоқаевтың шетелде жүруіне байланысты Нұрсұлтан Назарбаевпен, Дариға Назарбаевамен және Қазақстан президенті әкімшілігінің жетекшісі Ерлан Қошановпен кездескілері келеді.
Сағат 10:30-дан бастап жиналған наразылар алдына полиция қызметкерлі шығып, Ақордаға жеткізбей жолды бөгеді. Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Майлыбаев наразылардың Ақордаға хат тапсыруына рұқсат бермеді.