Полиция ғимаратынан құлаған оралдық белсенді оқиғаның қалай болғанын айтты

0

Оралда полиция ғимаратының үшінші қабатынан құлаған белсенді Әлібек Ерғазиев жалпы палатаға ауыстырылған соң туыстарына оқиғаның (16 ақпан күнгі) қалай болғанын айтып берген. Бұл ақпаратты «Уральская неделя» басылымы хабарлады.

Ерғазиев жақындарына полицияның қысым мен қоқан-лоққысына төзе алмай ғимараттан секіруге тырысқанын айтқан.

“Әлібек 16 ақпанда таңертең азық-түлік алып келем деп кеткен. Көшеде оған бірнеше адам келіп, полиция бөлімшесіне бару қажеттігін айтқан. Онымен жергілікті полиция бастығы Данияр Рақышев кездескісі келген-мыс. Әлібек барудан бас тартқан кезде полицей қызметкерлері күшпен көлікке отырғызған” деген Ерғазиевтің досы Мақсат Айсауытов басылымға.

Жақындарының сөзіне сүйенген басылым белсендіні полиция ғимаратына әкелген соң оған қысым көрсеткенін жазған. Әлібек Ерғазиевтің әкесі Тілек Ерғазиев «баласын хаттамаға қол қоюға мәжбүрлегенін, бас тартқан кезде полицейлердің қоқан-лоқы көрсете бастағанын» жеткізген.

“Полицейлердің қысымына төзбеген Әлібек тергеуші кабинетіндегі терезеге шығып, оны ашқан. Секірейін деген кезде Рақышев (полиция қызметінің бастығы – ред.) оған кедергі жасауға тырысқан. Ерғазиев тепе-теңдік сақтай алмай, терезеден ұшып түсіп, оң жағымен құлаған” деген Тілек Ерғазиев басылымға.

Оралдық блоггер Асқар Шайғұмаров жариялаған видео (21 ақпан 2019 жыл)

Басылым дерегінше, қазір Әлібек Ерғазиевтің жағдайын дәрігерлер «орташа ауыр» деп бағалайды. Белсендінің төрт қабырғасы, жауырыны, қолы сынған. Бұғанасына операция жасалған.

16 ақпанда облыс әкімі Алтай Көлгіновпен кездесу болатын күні белсенді Әлібек Ерғазиевті полиция ұстаған. Дәл сол күні оның полиция ғимаратынан құлап түскені хабарланған.

Бұған дейін БҚО полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты хабарлама таратып, Әлібек Ерғазиевтің полиция ғимаратының үшінші қабатындағы кабинеттен «жауапкершіліктен қашу мақсатында кенеттен терезені ашып, көшеге секіріп кеткені, соның салдарынан жарақат алғанын» мәлімдеген еді.

Ал белсендінің жақындары прокуратурадан жағдайды анықтап, кінәлілерді жазалау керектігін сұраған.

13 ақпанда Орал қаласы әкімі және облыс әкімінің халықпен кездесуіне келген белсенді Әлібек Ерғазиевті полиция қызметкерлері көптің көзінше жиын өтіп отырған залдан күшпен ұстап алып кеткен еді. Полицияның дерегінше, бұл оқиғаға байланысты «ұсақ бұзақылық» бойынша әкімшілік іс қозғалып, сотқа жіберілген.

Азаттық

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз