Полиция генерал-майоры Е.Жумаханбетов: «Мемлекет басшысының тікелей тапсырмалары мен басқаруының нәтижесінде Отанымызды алауыздықтан қорғай алдық»

0

«Қаңтар оқиғасы» — Еліміз үшін күтпеген соққы болды. Дейтұрғанмен, жойқын дүрбелеңнен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұтымды әрі шұғыл дер кезінде қабылданған қажетті шешімдерінің, сондай-ақ Отан алдында антына адалдық танытқан азаматтарымыздың арқасында мемлекетіміз елдігін сақтап қалды. Жаппай тәртіпсіздік кезінде бұзақыларға сауатты және жанқиярлық ерлікпен тойтарыс беріп, қаланың бүлінуіне жол бермей, бейбіт тұрғындардың риясыз алғысын арқалағандар арасында  шымкенттік тәртіп сақшыларының ерен ерлігі анық көрінді. Ел басына күн туған «қанды қаңтарда» дәл осы Шымкент қаласы полиция департаментін саладағы тәжірибесімен ғана емес, халыққа жақын әрі жариялығымен, ашықтығымен танылған Ералы Жумаханбетов басқарған еді. Полиция генерал-майоры  Ішкі істер  органдарындағы алғашқы қызметін 1990 жылы   Кентау қалалық ішкі істер бөлімінде  жедел уәкіл болудан бастаған. 1996 жылы – жедел іздестіру саласында Алматы қаласы Ішкі істер департаменті Полиция басқармасының бастығына дейін көтерілген. 2000-2004 жылдары ІІМ КПД Оңтүстік өңірі бойынша ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасында, ал 2005 жылдан   2018 жылдарға дейін   ҚР ІІМ-нің  орталық аппаратында  түрлі лауазымды  қызметтер атқарған. 2018 жылдан бастап осы 2022 жылдың ақпанына дейін Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы болған. Арандатушыларға қарсы көшті де өзі бастап, сақшылардың әр басқан қадамы мен әрекеттеріне күні-түн демей нұсқауды да тікелей өзі бергенін сондағы полицейлер қазір де мақтана-марқая айтып жүр. Сондықтан, азаттықтың ақ таңы мен бейбіт күндермізге себепкер болғандардың бірі әрі бірегейі, қоғамның құрметіне лайықты офицер, ІІІ дәрежелі Айбын орденінің иегері – Ералы Мұсаәліұлымен арнайы сұхбаттасуды жөн көрдік.

— Алдымен сұхбат беруге келіскеніңіз үшін рахмет. Алғашқы сауалымыз әрине «Қаңтар оқиғасы» турасында болмақ. Миллионды қала – Шымкентті қалай аман қалып қалдыңыздар?

— Біз бәріміз бір дүниені түсіну керекпіз, ол — айдың-күннің аманында Тәуелсіздігімізден айырылып қала жаздадық. Ең бірінші халық бейбіт митингіге шықты, біз көпшіліктен ол кезде ешқандай жаман пиғыл күткен жоқпыз. Себебі, олар алаңға шығып, өзара сөйлесіп тұрды. Бір кезде талаптарын қоя бастады. Біз тек қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз еттік. Араға аз-кем уақыт салып, шерушілер Әл Фараби алаңынан әкімдіктің ғимаратына қарай бет алды. Дүрбелең сол әкімдік алдында орын алды. Сырт жақтан бір топ арандатушылар келіп жаңағы бейбіт тұрғындарға қосылды. Сосын, арам пиғылдарын жүзеге асыра бастады: ғимараттарға қарай тас атып, тәртіп сақшыларының қызметтік көліктерін өртеуге көшті. Жаппай тәртіпсіздікке жол берді. Анықталғанындай, бұзақылардың дені — өзге өңірлерден келген жастар, яғни Түркістан облысы, Сарыағаш және Келес аудандарының тұрғындары болып шықты. Әрине, қазір сол бір қиын қыстау кезеңді еске алудың өзі қорқынышты. Бірақ, осы бір сынаққа толы сәт пен арандатушылықтан Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының ұтымды шешімдері мен батыл қадамдары арқылы ғана бүтін бір мегаполисімізді ғана емес, Қазақстанды халқымен қоса дін-аман алып қалдық. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмалары мен басқаруының нәтижесінде, тәртіп сақшылары – Біз де рухтанып, Отанымызды алауыздықтан қорғай алдық.

 — Мойындау керек, Сіз миллионды қала – Шымкенттің жұртына өте жақын әрі ашық болған басшылардың бірісіз. Халықтың құрметіне бөленіп, алғысын арқалағаныңызға да куәгерміз. Иә, халық Сізді құрметтейді, жақсы көреді. Айтыңызшы, жергілікті жұрттың соншалықты сеніміне ие боларлықтай  Сіз полиция департаментін басқарғанда қалада нақты қандай оңды істер орын алды?

— Көбіне жасалған жұмыстарды тізбектеп айтпаймын, бастысы — халық біледі. Бұл үшін бағасын да, батасын да беріп жүр. Департамент бастығы қызметінен кеткен кезде телефоныма хабарласқандарды қоспағанда, әлеуметтік желі мен менің жеке парақшама журналистер және тұрғындардан түскен толассыз хаттар мен жылы лебіз-алғыстарды оқығанда, өзім де таңқалдым. Жүрегім тынышталды. Ал қазір Сіздің тарапыңыздан арнайы сұрақ қойылған соң, жауап берейін. Мен Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы лауазымына тағайындалған кезден осы қызметтен кеткенге дейін қала халқымен бірлесіп, оң нәтижесін берген бірқатар бастамалар мен тың жобаларды жүзеге асырдық.

  Атап өтетін болсам:

— қала аумағындағы көше қиылыстарында үш ауысымды полиция қызметкерлерінің     кезекшілігі ұйымдастырылды. Нәтижесінде, қала жолдарында көлік кептелістері мен жол-көлік оқиғаларының саны еселей азайды;

— еліміз бойынша алғаш рет Шымкент қаласындағы барлық мектептердің алдында ювеналды полиция инспекторлары үш ауысымды кезекшілікке тұрды. Оның нәтижесінде, жасөспірімдердің қатысуымен жол-көлік оқиғалары болмады. Бұл бастаманың оң нәтижесін ҚР Ішкі істер Министрі қызметін атқарған, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаев жоғары бағалап, Қазақстанның барлық өңірлеріне осы жобаны енгізуді бұйырды;

— жергілікті тұрғындармен кері байланысты күшейту мақсатында WhatsApp желісінде «Жедел әрекет ету» чаты құрылды. Онда БАҚ өкілдері мен қоғам белсенділері, жергілікті тұрғындар қала аумағында орын алған құқық бұзушылықтарды фото немесе бейнежазбаға түсіріп, чатқа жібереді. Жолданған ақпараттың негізінде полиция қызметкерлері болған жайттарды дер кезінде тексеріп, заңды шешім қабылдайды;

– елімізде бірінші болып, апта сайын өтетін менің арызданушыларды жеке қабылдауымның барысы тұрақты түрде Фейсбук әлеуметтік желісінің тікелей эфирінде көрсетілді. Бұл Полиция департаментінің ашық әрі жариялы түрде қызмет атқарып, халыққа етене жақындай түсіп, қызметтегі мөлдірлікті қамтамасыз етті;

– қала орталығына шалғай орналасқан елдімекендердің тұрғындарымен арнайы барып кездесулер ұйымдастырдым. Ондағы бекітілген учаскелік полиция инспекторларының жұмысын талдау, зерделеу мақсатында халықтың талап-тілек, пікірлерін тыңдадым. Туындаған мәселеге қатысты тиісті мамандарға тапсырмалар жүктеп, белгілі уақыт аралығында оның орындалуына көз жеткізу мақсатында халықпен кезекті рет қорытынды кездесулер ұйымдастырдым;

— Шымкент қаласы №4 балалар үйінің 100-ге жуық тәрбиеленушілерін департамент қамқорлыққа алып, түрлі спорттық секциялар ашылды. Нәтижесінде балалардың мәдени-ағартушылық, спорттық бағыттағы ой-өрісінің дамуына әсер етіп, түрлі салада жетістікке жетуіне себепші болдық. Сондай-ақ, құқық қорғау саласына қызығушылық танытқан түлектерге осы бағыттағы ЖОО-дарына түсуіне де тікелей атсалыстым;

— Күрмеуі күрделі мәселеге айналған Т.Рысқұлов пен М.Дулати көшелерінің қиылысында Бәйдібек би бағытына қарай жүретін такси көліктерінің заңсыз тоқтауын болдырмай, сол аумақтағы көлік кептелісін түбегейлі жою мақсатында таксилерге арнайы жолақ салынды. Нәтижесінде, такси жүргізушілері жолаушылардың өміріне ешқандай қауіп төндірмейтін болды;

— Елімізде алғаш болып Шымкент қаласы Полиция департаментінің Тергеу басқармасында әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық жайттары бойынша қылмыстық істерді тергеуші-әйелдер тергейтін қызметтік бөлмелер ашылды. Зорлық-зомбылық құрбандарының тергеуші әйелдерге сенім білдіруі істің барлық мән-жайын уақтылы және егжей-тегжейлі анықтауға мүмкіндік берді;

— қала аумағында қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысының қауіпсіздігін қадағалайтын жаңа 3177 бейнебақылау камералары орнатылып, іске қосылды. Бұл құрылғылар арқылы полицейлер тәулік бойы қылмыстың алдын алу, оларды ашу және әкімшілік құқық бұзушылықты анықтау бойынша жұмыс атқаруда. Айта өтетін ақпарат, 2021 жылы бейнекамералардың көмегімен 306 қылмыс ашылып (2020 жылы — 284), 74155 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған (2020 жылы — 47264). Бұл көрсеткіштер алдынғы жылдармен салыстырғанда  едәуір жақсарған;

— мегаполисте құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту бойынша жұмыстың тиімділігін арттыруға бағытталған 8 модульдік полиция бекеті іске қосылды. Бұл бекеттерде қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалайтын, аумақты патрульдейтін полиция қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік етеді. Модульдік бекеттер арқылы қала тұрғындары полиция қызметкерлеріне арыз-шағым жазумен бірге, өтініштеріне сәйкес қажетті заң кеңестерін де ала алады. Онда учаскелік полицейлер, кәмелеттік жасқа толмағандардың ісімен айналысатын инспекторлар және жедел уәкілдер азаматтарға қызмет көрсетеді.

Аталған жұмыстардың барлығы полиция органдарының ашықтығын әрі қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.  Осы уақыт аралығында қала аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бірлесіп атқарылған ауқымды жұмыстар үшін тұрғындарға алғысымды білдіремін. Олар бастамаларымды әркез қолдап, өздері де атсалысты. Расында, алдағы уақытқа жоспарланған жобалардың да саны аз емес еді. Ендігі жерде, бұл жұмыстарды миллионды қала – Шымкенттің еліміздің ең қауіпсіз қалаларының қатарынан табылуы үшін тәртіп сақшылары аянбай еңбек етсе екен деп ниет білдіремін.

— Сіздің қоғамға еткен еселі еңбегіңізден бөлек, адами парасатыңыз бен қамқорлығыңыз жөнінде көп естиміз. Иә, Сіздің болмысыңызды жұртшылық жақсы біледі, тіпті Президентіміздің «Жұртқа жақын полиция» тұжырымдамасындағы бар қасиетті өзіңіздің бойыңыздан көріп жүр. Балалар үйіндегі тәрбиленушілерді де назардан тыс қалдырмай, өміріңіздің бір бөлшегіне айналдырған екенсіз…

— Халқымыз «Жетім көрсең – жебей жүр» деген. Расында, бұл бүлдіршіндер осындай тағдырдың тәлкек-тауқыметіне тап болғанына кінәлі емес қой?! Олар да ананың мейірімі мен әкенің қамқорлығын көргісі келеді, сезінгісі келеді. Зәру. Сондықтан, қолымнан келгенше әке орнына — әке, аға орнына – аға болып, қолғанат болатыным рас. Олар да – қоғамның бір бөлшегі, бақытты балалық шақты сезінсе екен деймін. Осы мақсатта Шымкент қаласының Сайрам тұрғыналабында орналасқан №4 балалар үйінің тәрбиеленушілері тікелей менің бастамаммен 2019 жылдан бері тәртіп сақшыларының қамқорлығына алынған еді. Осылайша полиция қызметкерлері балаларға барынша көмектесіп, қолдау көрсетіп келеді. Балалар ешбір мерекеде назардан тыс қалмаған. Қуантарлығы, тәртіп сақшылары осы уақыт аралығында балаларға арнап ойын-сауық, спорттық және тәлімгерлік іс-шаралар ұйымдастырып келді. Сондай-ақ, балалар үйінде бірнеше спорт түрінен үйірмелер ашылған. Бұл үйірмелерде тәрбиеленушілерді полиция қызметкерлері қатарынан шыққан жаттықтырушылар спортқа баулыды. Нәтижесінде, балалар республикалық спорттық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. Полицейлер олардың жарқын болашаққа жол ашатын дұрыс таңдау жасауына ықпал етті. Осындай қамқоршы полицей-ағаларының қызметіне қызығып қараған баламыздың бірі — Александр өзінің полиция болғысы келетін арманын айтты. Егер, әр бала осылай құқық бұзушылықтардың алдын алып, адамдарды қорғап, полиция қызметкері болса – бұл біздің қоғамға қосқан үлесіміз әрі жетістігіміз болмақ. Бүгінде қолдауымыздың арқасында жас талапкер ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына оқуға түсті.

— Ералы Мұсаәліұлы, кейінгі кездері әлеуметтік желіден сақшыларды сынап, мәртебесін түсіретін бейнежазбаларды көріп қалып жүрміз. Оның ішінде Сіздің де видеоңызды көріп қалдық…

— Мойындау керек, әу баста Шымкентке қызметке келгенімде халықтың полицияға деген көзқарасы мүлдем бөлек еді. Тіпті жақтырмай үрке қарайтынын байқадым. Сенсеңіз, халық тіпті өз учаскелік полиция инспекторын танымайтын. Тіпті бір көрген емеспіз деп ашынған жұртты көріп, жұмысты тиісті деңгейде жандандыру қажет екенін түсіндім. Күн-түн демей осы бағытта еңбек еттім. Парақорлықты жою үшін бірқатар жаңа жүйелерді енгіздім. Қызметкерлерді туған баламдай көріп, жемқорлықтан жирену керектігін, ол қадамның қылмыс екендігін саналарына құйып жүрдім. Бірі – түсінді, екіншісі – менің жанашырлықпен айтқан сөздерімді теріске балап, желіге жүктеп жатты. Әрине, ол видео-жазбаларда не айтсам да, тек заңсыз әрекеттерден алшақ болуды, ондайға жол бермеу қажеттілігі турасында айтқанмын ғой. Себебі, олардың да отбасы бар, жемқорлыққа жол берсе, соңында опық жеп, қамалады. Бұл – бір қызметкердің ғана емес, оның отбасына да кері әсер етеді. Отбасы ойран болады. Соны ойлап, әркез балдарды әділдік пен адалдыққа баулыдым. Заңға бағынуды, тек заң аясында жұмыс жасауды үйреттім. Қалай десекте, тәртіп бар жерде, жұмыс жүреді. Сондықтан, сол тәртіп пен тәлімнің арқасында талай сақшылар жақсы мен жаманның, парасаттылық пен қылмыстың ара-жігін ажыратты. «Тура биде – туған жоқ», деп дана халқымыз текке айтпаса керек-ті. Шымкент – отты жер! Ауқымы кең қала! Сондықтан, желіге жарияланған дүниелердің тек оңды өзгерістер әкелгеніне және жергілікті жұрт мені түсініп, өз кезегінде қолдап отырғанына алғысымды айтамын!

— Сұхбат соңында тақырыпқа алып-қосарыңыз немесе отандастарыңызға жолдар талап-тілегіңіз болса, мархабат!

— Расында, қазақтың біртуар перзенті Әлихан Бөкейхановтың өзі «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден», — деген. Сондықтан, Елге еңбек етуде биік парасат пен антқа адалдық, қоғам өміріндегі әділдік, халықшыл қасиеттер адам бойынан табылуы маңызды. ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Жұртқа жақын полиция» тұжырымдамасының тікелей орындалуы жолында да жауапкершілікті жіті сезініп, халықтың қауіпсіздігін толықтай қамтамасыз ету – бүгінгі полицияның міндеті. Дәл осы міндет-жүктеме жүгенді жүзеге асса, Полиция – елдің қорғаны ретінде Қазақстанымыздың қауіпсіздігі еселей артып, тұрғындардың тынышы орнайтыны сөзсіз. Мемлекет басшысының өзі қазіргі кезде тәртіп сақшыларының жұмыс жүйесі жақсаруы үшін тиісті жағдайларды жасап келеді. Әлеуметтік мәселелері де басты назарға алынған. Қалғаны тек – халыққа адал әрі әділ қызмет ету! Нағыз антқа адал офицерлер мен жастарға кедергі келтірмей, тиісінше өсуіне мүмкіндік беру!

— Сұхабыңызға көп рахмет!