полиция балаларды ата-анасымен қауыштырды – видео

0

Әжғалиевтер балаларын бір айдан астам уақыт көрмеген: бүлдіршіндер ауылдағы әжесінің үйінде қалған

НҰР-СҰЛТАН, 27 сәуір – Sputnik. Батыс Қазақстан облысының полицейлері карантинге байланысты ауылдағы әжесінде қалып қойған бүлдіршіндерді ата-анасымен қауыштырды.

Екі жасар Диас пен төрт жасар Аяна 17 наурыздан бері Оралдан 250 шақырым қашықтықтағы Шыңғырлау ауылында болған. Ата-анасы қала карантинге жабылғанға дейін оларды әкетіп үлгермепті.

Осыдан кейін Әжғалиевтер отбасы жергілікті «Мой город» басылымына жүгінген, ал тілшілер полициядан көмек сұрайды.

Тәртіп сақшылары тұрғындардың бетін қайтармай, балаларды патрульдік көлікпен қалаға жеткізді.

«Шыңғырлау ауданы әкімдігі мен полицияның арқасында біз балаларымызбен қауыштық. Ризашылығымыз шексіз», — деді ерлі-зайыпты.

Бұған дейін Нұр-Сұлтанның полиция департаменті ата-аналар демалысқа кеткен балаларын үйге әкеле алатынын мәлімдеген еді. Ол үшін ересектердің тіркеуі мен балалардың туу туралы куәлігі қажет. Блокбекетте олардың дене қызуы тексеріледі, кейін екі аптаға карантинге жіберіледі.



sputniknews.kz