Полиция Алматы түбіндегі ұшақ апатының үшінші себебін жариялады

0

Бұған дейін полиция «Бек Эйр» ұшағының құлауына себеп болған екі жағдайды алға тартқан еді – әуе кемесінде болған ақаулық және ұшқыштардың қателігі

НҰР-СҰЛТАН, 28 желтоқсан — Sputnik. Қазақстанның ішкі істер министрлігі Алматы маңындағы ұшақ апатының тағы бір себебін жариялады.

«Жедел-тергеу тобы бірнеше нұсқаны, соның ішінде ұшақтың техникалық ақауы, ауа райы және метеорологиялық жағдайлар, сондай-ақ ұшу кезінде жіберілуі мүмкін қателерді пысықтайды», — деп жазылған ішкі істер министрлігі таратқан ақпаратта.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен министрлік Алматы облысы Гүлдала ауылының аумағында Fokker-100 жолаушылар ұшағының апатқа ұшырау фактісі бойынша  қылмыстық кодекстің 344-бабының 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Тергеу барысында барлық құжаттар, аудио және бейнежазбалар зерттеледі. Әуе кемесінің жай-күйіне баға беретін бірқатар сараптама белгіленген.

Ұшу-қону жолағына тексеріс жүргізілді. Әуе кемесінен жазғыш құралдар мен борт журналы алынды. Қазіргі уақытта ұшақ құлаған жер тексеріліп жатыр.


©
Photo : Пресс-служба Международного аэропорта Алматы

Ұшақ апатынан 12 адам қаза болды

Апатқа ұшыраған ұшақ 1996 жылы Голландияда Fokker зауытында салынып, 2020 жылдың 21 мамырына дейін ұшу жарамдылығы сертификатына ие болғаны анықталды, деп хабарлады министрлік.

Соңғы мәліметтер бойынша Алматы қаласының медициналық мекемелерінде 49 адам жатыр, оның ішінде 9 бала бар.

Алматыдағы ұшақ апаты 

Қайғылы оқиға 27 желтоқсан таңертең болды. Bek Air әуе компаниясының «Алматы – Нұр-Сұлтан» бағытындағы Fokker 100 ұшағы құлады. Ұшақта 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Апат 12 адамның өмірін қиды, қаза болғандардың ішінде ұшақ командирі бар. Екінші ұшқыш қазір ауруханада жатыр.

Президентің тапсырмасымен премьер-министр жетекшілік ететін комиссия құрылды. Тоқаев апаттың себебін анықтап, кінәлілерді қатаң жазалауды тапсырды. 28 желтоқсан елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.



sputniknews.kz