Полицейлерге ала таяқты қайтарып береді
Қысқа сілтеме алу
Ала таяқты тек жол қозғалысын реттеу үшін ғана қолдану жоспарланып отыр
НҰР-СҰЛТАН, 20 тамыз – Sputnik. Жол-патрульдік полицияға ала таяқты қолдануға рұқсат береді. Бірақ оны тек көлік қозғалығын реттеу үшін қана пайдаланады, деп хабарлайды ІІМ баспасөз қызметі.
Министрлік таратқан ақпаратқа сәйкес, халық тарапынан түскен көптеген өтініштердің нәтижесінде жол-патрульдік полицияға ала таяқты қайтару туралы шешім қабылданды. Осының арқасында полицейлердің көлік жүргізушілеріне көрсеткен белгілері анық көрінеді.
«Ала таяқты тек жол қозғалысын реттеу үшін ғана қолдану жоспарланып отыр (жол-көлік апаты мен кептеліс кезінде, бағдаршам болмағанда немесе істемей тұрғанда, ауа-райы бұзылғанда және т.б.). Көлікті тоқтау үшін ала таяқты қолдануға тыйым салынады», — делінген ресми хабарламада.
Ала таяқтарды не үшін қайтармақ
Осыдан екі жыл бұрын қазақстандық полицейлерге ала таяқты қолдануға тыйым салынған болатын. Бұл шешім бірқатар елдің тәжірибесі негізінде қабылданды. Ала таяқты арнайы жарық шағылыстыратын жилет және қолғаппен алмастырды. Ал полицей барлық белгіні қолмен көрсетеді.
Біраз уақыттан кейін норманы қайта енгізу мәселесі көтеріле бастады. Бірнеше жол қозғалысын реттеуші полицейді көлік басып кеткені туралы айтылды. Түнгі уақытта көлік жүргізушілері оларды дұрыс көрмеген.
sputniknews.kz