Полицейлер флешмобы — Қоғам|26 Қараша 2018, 12:48
Талдықорған, BAQ.KZ. Талдықорған қаласының орталығында облыстық Жергілікті полиция қызметі мен тәртіп сақшыларының қоғамдық көмекшілері «Жалын» полиция жасағы «Біз зорлық-зомбылыққа қарсымыз» ұранымен флешмоб ұйымдастырды.
«Талдықорған қаласының орталығында облыстық Жергілікті полиция қызметі мен тәртіп сақшыларының қоғамдық көмекшілері «Жалын» полиция жасағы «Біз зорлық-зомбылыққа қарсымыз» ұранымен флешмоб ұйымдастырды. Бұл флешмоб нәзік жандыларды кемсітуге және құқығын шектеуге тосқауыл қоятын конвенция ережесіне сәйкес дүниежүзі бойынша жыл сайын 25 қарашадан бастап 16 күн өтетін маңызды акцияның бастауы»,- деп атап өтті Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ананы ардақ тұтып, қыздарға құрметпен қарау керек екенін барлығы түсінсе де, отбасында зәбір көрсету деректері тіркелуде. Тәртіп сақшылары таратқан ақпаратқа сәйкес, жыл басынан бері облыс аумағында отбасылық-тұрмыстық қатынаста зорлық-зомбылық көрсету бойынша 31 қылмыс орын алған. Талдықорған қаласындағы Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығына 25 әйел мен 36 бала жеткізіліп, оларға тиісті мамандар көмек қолын созған.
«Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн акциясы» отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, ана мен баланы қорғау, «шағын мемлекет» аталатын жанұяның қоғамдағы маңызын арттыру мақсатында өткізіліп отыр»,- дейді полицейлер.
«Жалын» полиция жасағының мүшелері күннің суығына қарамастан, отбасы мүшелеріне жүрек жылуын сыйлау маңыздылығын түсіндірді. Баланың бақыты үшін анасын құрметтеу қажет екенін, ал отбасыда қандай да бір зәбір көрсетілсе, ана мен бала қорғалатынын іс-әрекеттерімен жеткізді. Флешмоб соңында қатысушылар облыс тұрғындарына: «Зорлық-зомбылықты тоқтату бәрімізге жүктелген жауапкершілік!» деген үндеу тастады.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ