Пойыздар қалай жүретін болды — видео

0

Карантин жағдайында вокзалға тек билеті бар жолаушыларды ғана кіргізеді. Міндетті түрде бетпердені киіп келу керек. Бетпедені ұмытқан адамға оны автоматтан 250 теңгеге сатып алуға тура келеді

НҰР-СҰЛТАН, 1 маусым — Sputnik. 1 маусымнан бастап Қазақстанда ішкі теміржол қатынасы ашылды. Бірінші кезеңде 54 пойыз шығарылады. Бүгін Нұр-Сұлтаннан жолаушылардың алғашқы легі оңтүстікке аттанды. Одан кейін шығысқа тағы бір пойыз бет алды. Sputnik Қазақстан тілшілері «Нұрлы жол» вокзалына болып, карантиндік жағдайда жолаушыларды тасымалдау ережесімен танысып қайтты.

37 градустан жоғары емес

Карантин жағдайында вокзалға тек билеті бар жолаушыларды ғана кіргізеді. Міндетті түрде бетпердені киіп келу керек. Бетпедені ұмытқан адамға оны автоматтан 250 теңгеге сатып алуға тура келеді.

Шығарып салушылар мен күтіп алушыларды вокзал ғимаратына кіргізбейді. Ауыр жүктер болса, вокзал қызметкерлері көмектеседі Вокзалға кіргенде адамның дене қызуын өлшейді. Температура 37 градустан жоғары болса, бірден медициналық тексеріске жібереді. 

«Егер келген жолаушының температурасы 37 градустан жоғары болса, оны бірден карантиндік бұрышқа жібереді. Сол жерде медицина қызметкерлері оны тексереді. Ал дене қызуы 37 градустан төмен, аурудың белгілері жоқ болса, онда ол жолаушыларға вокзал кешеніне кіруге рұқсат», — дейді вокзал директорының көмекшісі Бақытжан Әбдікәрім.

Адамның дене қызуы қатты ыстықтан да көтерілуі мүмкін. Сондықтан медицина қызметкерлері оны жан-жақты тексереді. Коронавирус табылса, аурухана жеткізеді. Ал билеттің бағасы заң бойынша қайтарылады.

Вагонда бір жерде отыру керек 

Вагонның ішінде ары-бері жүруге болмайды. Келесі вагонға да өтуге рұқсат жоқ. Әрбір жолаушы өз орнында ғана отыруы қажет. Мейрамхана вагондары жұмыс істемейді. Алайда станцияда түсіп, тамақ алуға рұқсат бар. Дегенмен, «Жолаушылар тасымалы» АҚ өзімен бірге тамақты көбірек алуға кеңес беріп отыр. 

Вагонда адамнан коронавирус табылса, оны бірден жолсеріктің купесіне оқшаулап қояды.

«Егер бір адамнан коронавирустық инфекция табылатын болса, оны жеке купеге жауып тастайды, оқшаулап тастайды. Содан кейін жолсерік машинистке және пойыздың басшылығына хабар береді. Олар өз кезегінде алда тұрған станциядағы диспетчерге хабарлама береді. Келесі станцияда науқасты медицина қызметкерлері алып кетеді», — деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ ресми өкілі Мәди Мұхамедқали. 

Оның айтуынша, жолаушылар вагонға жағасқаннан кейін сауалнама жүргізіледі. Әрбір адам өзінің аты-жөнін, қайда бара жатқанын және денсаулығына қатысты мәліметтерді жазады. Коронавирус инфекциясы табылса, вагонды карантинге жаппайды.

Пойыздар үш кезеңмен карантиннен шығарылады 

Бүгіннен бастап 54 пойыз қатынайды. Олардың бесеуі – «Тальго», 31 – стандарт,  18 – қала маңы. Екінші кезеңде, яғни 10 маусымнан бастап тағы 39 пойыз қосылады. Алтауы – «Тальго», 14 – стандарт, 19 – қала маңы. Соның ішіне Алакөлге қатынайтын бағыттар да кіреді. 

Ал үшінші кезеңде мемлекеттік шекараны кесіп өту шектеуінің алынуына қарай 15 пойыз жүре бастайды деп жоспарланған. Оның ішінде Ресей, Өзбекстан және Қытайға қатынайтын пойыздар бар.

 



sputniknews.kz