Пойызда зорланған әйел басынан өткен сұмдықты жылап тұрып айтып берді
Жолсеріктерден зардап шеккен әйел заңды қатаңдатуды сұрап отыр
НҰР-СҰЛТАН, 12 тамыз – Sputnik. «Тальго» пойызының жолсеріктері зорлаған әйел бүгін ел алдына шығып, басынан өткен сұмдық оқиғаны айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Қайғы-қасіретке душар болдым»
«Мен, шынымен, қайғы-қасіретке душар болдым. Ең сұмдығы – оқиға қоғамдық көлікте болды. Бізде халықтың сексен проценттен астамы пойызбен жүреді. Мен де дәл осы пойызда зорлық-зомбылыққа тап болдым. Бұл жай ғана пойыз емес, жоғары санаттағы, люкс пойыз», — деді ол астанада жыныстық зорлық-зомбылыққа қарсы жазаны күшейту туралы өткен дөңгелек үстелде.
Қыздың айтуынша, сол күні ол ғылыми конференциядан үйге қайтып бара жатқан.
«Сол пойызға кешігіп бара жатқан едім. Алла мені, мүмкін, сынаған шығар. Жүруіне үш минут қалған кезде кіріп үлгердім. Пойызға билет сатып алған уақытта өз өмірім үшін алаңдаған жоқпын, жолсеріктердің кәсібилігіне сендім. Мен әлі күнге дейін өз-өзіме келе алмай жатырмын. Мені танитындар біледі, сол оқиғадан бері әлі бірде-бір жоба жүзеге асқан жоқ. Өзім бизнесменмін, фирмамды сатуға тура келді», — дейді зорланған қыз көзіне жас алып.
Жәбір көрген қыз әділдік орнату үшін он ай бойы күрескен.
«Мен зорланғанымды он ай бойы дәлелдедім. Түрлі алып-қашпа әңгіме, қауесеттер айтылды. Он айға созылған күрестен кейін кейбіреулердің менің басымдағы жағдайды «бұлыңғы оқиға» деп атағанын естідім. Ешкім жәбірленушіні жақтамайды. Бәрі саған ақша ғана керек деп ойлайды», — дейді әбден ашынған қыз.
«Бәрі неге айғайлаған жоқсың деп сұрайды»
«Бәрінің көкейінде бір сұрақ: ол неге айғайлаған жоқ? Міне, осы жерде психологтар отыр. Әрбірінің реакциясы әртүрлі. Менің даусым шықпай, қозғала алмай қаламын. Бұл менің реакциям. Таңғы төртте ұйықтап жатқан кезде, белгісіз бір дененің үстіңе құлағаны қандай қорқынышты сезім екенін түсіне алмайсыздар. Өзіңнің қайда екеніңді білмейсің. Жабық кеңістік. Ең бастысы, өлтіріп тастамасын деп ойлайсың. Тергеушілер неге айғайлаған жоқсың деп көп сұрады. Менде үнемі мынадай сұрақ туындайды: сіздер, шынымен, мен екінші зорлықшы қашан келеді екен деп күтіп жатты деп ойлайсыздар ма?. Мен «шокта» болдым», — деп жылады жәбірленуші.
Айтуынша, жолсерік қызбен бір купеде болған жолаушыларды басқа орындарға жіберген.
«Мен купеге кірген кезде, жолсерік сыра ішіп отырды. Ол бұған алдын ала дайындалды. Менен сол күні мас болдың ба деп көп сұрады. Мен жолсерікпен сыра ішкен жоқпын», -дейді қыз.
«Тергеушілер маған емес, жолсеріктерге сенді»
Жәбір көрген қыз тергеушілердің екі тарапты татуластыруға мүдделі болғанын айтады.
«Мен видеоны қараған кезде, сотталушылар менің байланыс телефонымды тергеушілер бергенін айтты. 28 қыркүйек күні олар маған хабарласып, ата-анама бара жатқанын айтты. Мен олардан әке-шешеме бармауын өтіндім. Менің ата-анам қарт кісілер. Бірақ тергеушілер ештеңе істеген жоқ, жолсеріктердің сөзіне сенді», — дейді ол.
Жәбірленуші тарап істі Қостанайдан Ақтөбеге ауыстыру туралы қолдаухат түсірген.
«Істі Қостанайдан Ақтөбеге 17 қазаннан 27 қарашаға дейін тапсырды. Яғни, істі тапсыруға бір айдан астам уақыт жұмсады. Мен тергеушіге бардым. Олар мені сараптамаға жіберді. Психологиялық сараптамаға сотталушылармен бірге жіберді. Бәріміз бір кезекте тұрдық. Тергеушілерге осы жайлы айтқанымда, субординация сақтап, даусыңды бәсеңдет деді. Олар маған ақша ұсынды. Ол ақшаны мен екі ай ішінде таба аламын. Табысым жаман емес. Мен бас тарттым, олардың жазаланғанын қаладым. Жолсеріктер бірнеше рет берген жауаптарын өзгертті. Ата-анама шақыру қағазы келген кезде, мен көлік прокуратурасына арыз жазуға бардым. Менімен сөйлесіп, менің кім екенімді көрген кезде, іс кішкене қозғалды. Сараптама қорытындысы келгеннен кейін жағдай түбегейлі өзгерді», — дейді ол.
Айтуынша, тергеу барысында сотталғандардың туысқандары қыздың соңына түсіп, отбасына маза бермеген.
«Жәбірленуші ретінле жыныстық зорлық-зомдылыққа қатысты заңды қатаңдатуды өтінемін. 2,5 жыл деген – әділ жаза деп ойлайсыздар ма?Балалар мен әйелдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сұраймын. Бейнебақылау камерасы болғанда, осыншама уақыт дәлелдеуге тура келмес еді», — деді жәбірленуші.
Жұрттың жағасын ұстатқан оқиға
2018 жылдың қараша айында «НеМолчиKZ» зорлық-зомбылыққа қарсы қоғамдық қозғалысы» қорының басшысы Дина Таңсәрі (Смайылова) жантүршігерлік оқиға туралы жазды.
Оның айтуынша, елордадағы ғылыми конференциядан Ақтөбеге қайтып бара жатқан әйелді «Тұлпар-Тальго» пойызында екі жолсерік бірінен соң бірі зорлаған.
Судья бұл оқиғаны жабылып зорлау деудің орнына «әдеттегі әйел зорлау» деп бағалады. Осылайша Жетес Үмбеталиев пен Қолқанат Құрманиязов Қылмыстық кодекстің 120-бабы 1-бөлігінің 1-тармағы (зорлау) бойынша кінәлі деп танылып, 2 жыл 6 айға жылға бас бостандығынан айырылды.
Кейін 29 шілде бас көлік прокуроры Ернат Сыбанқұлов, жолсеріктерге шығарылған сот үкімі қайта қаралатынын мәлімдеді.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы зорланған әйелден кешірім сұрады.
sputniknews.kz