пойыз жолаушылары нені білуі тиіс

0
28

Жолаушылар маска тағуға, ал жолсеріктер бетпердемен қоса қолғап киюге міндетті. Жағдай тұрақталса, санитарлық-карантиндік шаралар біртіндеп жеңілдетіледі

НҰР-СҰЛТАН, 14 мамыр – Sputnik. Көліктегі бас мемлекеттік санитар дәрігер Сәдуақас Байғабылов пойыздарда негізгі санитарлық-карантиндік шараларды белгілейтін қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Қаулы тасымалдаушылар жұмысына ғана қатысты емес. Құжатты вокзал әкімшілігі, тасымалдау саласындағы кәсіпорындар мен көлікке қызмет көрсету ұйымдары басшылыққа алады.

Вокзал ғимаратына тек билеті бар жолаушылар кіргізіледі. Жолаушылар маска тағуға, ал жолсеріктер бетпердемен қоса қолғап киюге міндетті.

Шығарып салушылар вокзал ғимаратына кіре алмайды, туысқандарымен сыртта қоштасуы тиіс. Вокзалдың өзіндік қауіпсіздік қызметі кіре берісте барлық адамның дене қызуын тексереді.

Тағы оқыңыз: Нұр-Сұлтан мен Алматыдан бірқатар қалаға әуе қатынасы жанданды

«Вокзал ішінде, пойызға отырарда және одан түсерде жолаушылар арасында әлеуметтік ара қашықтық сақталуы тиіс. Вагондар арасында жолаушылардың қозғалысы шектеледі», -деп мәлімдеді Сәдуақас Байғабылов.

Пойыз жүргеннен кейін жолсеріктер жолаушыларға анкета таратады.

Жылжымалы құрам вагондарында кондициялау, желдеткіш жүйелері мен желдеткіш сүзгісін ауыстыруға ревизия жүргізіледі.

Вокзал мен пойыздарда жұмыс істейтін қызметкерлер әр ауысым алдында медициналық тексерістен өтеді.

Егер жағдай тұрақталса, бұл шаралар кезең-кезеңмен жеңілдетіледі.

Бұған дейін жолаушылар пойыздары 1 маусымнан бастап жүретіні хабарланған еді.



sputniknews.kz