Подъезде түнейтін бала: “қонақ” келгенде анасы үйге кіргізбейді
Әлеуметтік желі қолданушысы өзі тұрып жатқан үйдің подъезінде түнейтін, шешесі жұмыс істейтін дүкенде тұратын бала туралы жазба жариялап, осындай шын мұқтаж жандарға көмек берілуі керек екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“Бұл бала біздің подъездің «тұрғыны». Естуімше, шешесі үйіне «қонақ» келгенде, сыртқа шығарып жібереді. Мүмкін, бірдеңеге көңілі толмай, баланың өзі үйден шығып кететін шығар… Өздері шешесі жұмыс істейтін дүкенде тұрады. Үйлері жоқ. Әкесі жоқ. Бала аздап үркектеу, жасық. Екі күннің бірінде подъезге түнейді. Өзін көрген сайын үйге шақырамын. Бірақ, қанша шақырсам да үйге кірмейді. Қайтпек керек?”, – деп жазды желі қолданушысы.
Ол тепсе темір үзетін жігіттерге пәтер көлік таратып, көп алдында ұпай жинайтын меценаттарға ренішін жеткізді.
“Көп алдында ұпай жинайтын меценаттар осындай шын мұқтаж жандарға көмектессе ғой! Мына балаға бір бөлмелі болса да пәтер алып беретін, тым құрыса, жалдап беретін қайырымды жан болса, немесе, ел-жұрт боп, осы балаға пәтер алып берсек, бала бұлай суық еденде жатпас еді”, – деді ол.
Жазба авторы тиісті органдарға хабарлап, анасын аналық құқықтан айыруға дәті бармайтынын, шешесінің сондай жаман адам емес екенін айтады.
“Шешесі момындығынан жұртты басына шығарып алады. Әрі, күйіктен аздап ішеді. Басқа тұрғындар да, анасының балаға зәбір көрсетпейтінін білгендіктен, полиция шақырмайды. Меніңше, полиция шақырып, баланы анасынан айырғаннан мына баланың жағдайы оңалып кетпейді. Жүрегіне жара түседі. Одан да, осындай тағдыры қиын балаларға ел_жұрт боп қарасып жүрсек, ең дұрыс шешім болар еді деп ойлаймын”, – дейді жазба авторы.