Home Жаңалықтар Пластикалық хирургия – Қазақстан жаңалықтары

Пластикалық хирургия – Қазақстан жаңалықтары

0
178

Соңғы уақытта қазақстандық әйелдер блефаропластикаға жиі жүгінетін болып шықты. Бірі көзін Анджелина Джолидікіндей жасағысы келсе, кейбіреулер қыртыс салуды армандайды екен. Сондай-ақ, жыныстық мүшесін әдемілеп жүрген қыз-келіншектер де жоқ емес. Осы туралы Al-Clinic медициналық орталығының пластикалық хирургі Айна Досан Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.

әйел дене

Сыртқы жыныс мүшесін өзгертетін отаны «лабиопластика» деп атайды екен. Бұл отаға жас қыздардан бастап бала туған әйелдерге дейін жүгінеді. Дәрігердің айтуынша, бұл отадан кейін әйелдің өмірге деген көзқарасы өзгереді.

«Қазіргі кезде біздің елде интимді хирургия сұранысқа ие болып жатыр. Бұрын әлеуметтік желіде лабиопластика деп пост жазғанымда астына пікір қалдыруға қыздар ұялатын. Ал қазір тура сондай пост салсам, қыз-келіншектер көп пікір қалдырады. Кейде «Біздің қыздарға не болған?» деп таңқаламын. Негізі бұл проблема бұрыннан бар. Бірақ ол жабық күйінде қалатын. Көп қыздар ашық айтпайтын. Бұл проблема тек туған әйелдерде ғана емес, жас қыздарда да болады. Жыныстық еріндер кіші және үлкен болып келеді. Кейде соның анатомияық құрылысы бұзылып жатады. Негізінде үлкен ерін кіші ерінді жауып тұруы керек. Бірақ кей қыздарда жыныстық ерін туғаннан үлкен болуы мүмкін. Мұны ақау деп те айтуға келмейді. Жыныстық еріннің де өзіндік ерекшілектері бар, әр әйелдікі индивидуалды болып келеді. Дегенмен ол әйел адамға төсекте сенімсіздік тудыруы мүмкін», – дейді пластикалық ота хирургі.

Дәрігердің айтуынша, жыныстық еріндерін кішірейтуге көбінесе бала туған әйелдер келеді. Мұндай отаның денсаулыққа ешқандай қауіптілігі жоқ екен.

«Құдайға шүкір, қазақ әйелдерінің барлығы көпбалалы. Бұл қуантарлық нәрсе. Бірақ көпбалалы аналар маған үлкейіп кеткен жыныстық еріндерін кішірейту үшін келеді. Жыныстық ерін салбырап тұрғаннан кейін де кейбір әйелдер күйеулерінен ұялып жатады. Босанғаннан кейін ол жер анық көрініп тұрады. Саунаға, моншаға барғанда «Сенде неге салбырап тұр?» деген секілді сауалдардан қашады. Сол жерінен көбісі ұялып жатады. Жыныстық еріндерге жасалатын ота туралы қалай айта бастадық, солай адамдар да біле бастады. Бұрын білсе де бізде де мұндай ота жасалынатынынан бейхабар еді», – дейді Айна ханым.

Интимді мүшесіне ота жасатуға тұрмысқа шықпаған қыздар да құмар. Бұл ота біріншіден әйелдің өзіне деген сенімділігін оятса, екіншіден өмірін біршама өзгертеді дейді.

«Бұл – артық тері. Организм үшін ешқандай жұмыс та атқармайды. Солай жүре беруге де болады. Бірақ алып тастаса, ол әйел адам үшін жақсы. Отадан кейін өз-өзіне деген сенімділігі артады. Жасатқан қыздардың көбісі «Өз-өзіме деген сенімділік пайда болды», «Отадан кейін барлық жағынан жақсарып кеттім» деп айтып жатады. Өйткені жыныстық мүше ернінің шығып тұрғанынан қыздарда комплекс пайда болады.  Ал отадан кейін өмірге деген көзқарас өзгереді. Бірінің бизнесте жолы болып, жұмысы жақсы жүре түседі. Ал кейбір қыздар тұрмысқа шығып жатады», – дейді маман.

– Ал кейбір қыз-келіншектер төсек ләззатын сезіну үшін де жыныстық ерінін кішірейтіп жатады. Бұл қаншалықты рас? Отадан кейін жыныстық қатынас қыза түсе ме?

«Лабиопластика – жыныстық мүшенің сыртқы жағына жасалатын ота. Мұны көбісі ішкі қынапты кішірейтумен шатастырып жатады. Бірақ ондай отаны гинеколог мамандары жасайды екен. Ал пластикалық хирургия тек әдемілікті орнатады. Лабиопластиканың төсек ләззатына тікелей қатысы жоқ. Дегенмен, әсері де бар. Өйткені артық салбырап тұрған тері жыныстық қатынас кезінде ішке қарай кіре береді. Сондайда әйелге және еркекке де жағымсыз әсер беруі мүмкін. Сондай-ақ, джинсы шалбарлар кигенде артық тері әйелдің жыныс мүшесін ауыртады. Сол себептен де артық теріні кесіп тастаудың артықшылығы осы. Ал ешкім көрмейді осылай жүре берейін деуге болмайды. Өйткені ол сіздің денеңіз. Әйелдің сыртқы пішіні ғана емес, интимдік әлемі де әдемі болуы керек», – дейді Айна Досан.

ерке есмахан

Жалпы пластикалық ота кез-келген адамға жасала бермейді екен. Пластикалық отаның да өзіне байланысты заңдары болады дейді. Ең бастысы ота жасататын адамның дені сау болуы керек. Егер тапсырған анализдерінде ақаулар шығып тұрса, онда пластикалық ота жасалмайды.

Мәселен, оңай көрінетін көзге жасанды қыртыс түсірудің де өз зияны бар екен.

«Негізі бұл отаны тәжірибелі дәрігердің жасағаны дұрыс. Сондай-ақ, клиниканың да жағдайы жақсы болуы керек. Сонда отаның ешқандай зияны болмайды. Егер бұл пунктердің ешқайсысы дұрыс болмаса, онда, әрине, науқаста біраз асқынулар болуы мүмкін. Мұндай ота орташа есеппен екі сағатқа дейін созылуы мүмкін», – дейді дәрігер.

Блефаропластика да еліміздегі ең сұранысқа ие пластикалық ота екен. Оның бағасы да қолжетімді. Тіпті қазір көздерін үлкейткісі келген әр студент жасата алатын көрінеді.

«Блефаропластика біздің елде бұрын да болған. Бірақ ол уақытта біздің қыздар айтуға ұялатын. Жасырын түрде жасалатын. Қазір бәрі ашық. Тіпті қабақтарына ота жасатқанын көп жұлдыздар да жасырмайтын болды. Оны көрген жас қыздар еліктейді. Бұрын көп адамдар пластикалық операцияны жасау үшін көп ақша керек деп ойлайтын. Бірақ қазір бізге студенттер де келіп жатады. Яғни, бұл ота қолжетімсіз дүние емес», – дейді хирург.

Блефаропластиканың бағасы да әртүрлі дейді. Егер арзан бағада іздесеңіз оны да таба алады екенсіз. Бірақ ондай жерлердің техникасы дұрыс болмаса сау басыңызға сақина тілеп алуыңыз мүмкін.

«Бұл отаның бағасы әрқалай. Клиниканың қандай техникамен жабдықталғанына байланысты. Кейбір жерлерде блефаропластиканы өте арзан бағада жасап жатады. Бірақ ол жерден қандай нәтиже аласыз, оған жауап беру қиын. Мысалы, біздің клиникада тәжірибелі дәрігерлер жұмыс істейді. Сол себептен ота өте арзан тұрады деп айта алмаймын. Блефаропластиканың бағасы шаш кесу мен бояудың көлеміндей болмауы керек. Сондықтан ота құны 100 мың теңгеден жоғары болады», – дейді ол.

Көздің қабағына жасалатын ота – блефаропластика деп аталады. Жасы келген адамдардың көзінің үстін жауып тұрған артық тері көздің көруін нашарлатады. Олар сол үшін жасаса, кейбір жас жігіттер мен қыздар көздерін еуропалық типтес етіп өзгертісі келеді екен.

stan.kz