Планшетке таласқан — Таразда болған трагедияның мән-жайы

0

Оқиға

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Жасөспірімді өзінің туған ағасы балғамен ұрып өлтіріп, түк болмағандей көппен бірге бауырын іздегені айтылып отыр

НҰР-СҰЛТАН, 20 мамыр – Sputnik. Таразда планшетке таластың соңы қайғылы аяқталып, туған қарындасын өлтірді деген күдікпен 15 жастағы бала ұсталды, деп хабарлайды КТК арнасы.

Жасөспірімнің бұл әрекетіне қыздың гаджетті бермей қойғаны себеп болған көрінеді. Көршілерінің айтуынша, 10 жастағы қыз ұйқыға жатқанда ағасы балғамен ұрыпты. Күдікті дереу қамауға алынып, тергеу басталды.

Қаланың шеткі ауданындағы қанды қылмыс түнгі 12 шамасында болыпты. Қаралы үйдің көршілерінің айтуынша, ағасы мен қарындасы арасындағы планшетке талас күндіз басталған. Тіпті осы даудан кейін 10 жастағы қыз көршісінің үйіне қашып келген.

«Қызды үйден шығарып жіберген. Келіп біздің талдың астына жатты. Қатты жауын жауып тұрды. Үстіне жабатын көрпеше алып жатты. Менің қолшатырымды алды. Сындырып қоя ма деп, қайтарып алдым. Сосын үйіне кеткен», – деді Шынар Мырзахметова

Үйіне қайта оралған жеткіншекті өзінің туған ағасы тәтті ұйқыда жатқан жерінен балғамен ұрып өлтірген дейді көршілері. Ал денесін далаға сүйреп шығарып тастап, өзі түк болмағандей көппен бірге бауырын іздеген көрінеді. 4-сынып оқушысының өлі денесі көрші үйдің маңындағы бағананың түбінен табылған. Оны ең алғаш ауылдастың бірі анықтап, дереу жедел жәрдем шақыртыпты. Сол куәгердің айтуынша, марқұмның басына қатты соққы тиген болуы мүмкін. Әрі ол жойқын болса керек. Себебі, оның бас сүйегіне ауыр зақым тиген.

Тәртіп сақшылары бұл дерекке қатысты толық ақпар бермеді. Тек қайғылы жағдайдың болғанын және күдіктінің қамауға алынғанын растады.

«Тергеу амалдарын жүргізу барысында жәбірленушінің ағасы 15 жасар күдікті анықталып, ұсталды. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», – деді Тараз қалалық 2 полиция бөлімі бастығының орынбасары Жандос Мәметқұлов.

Күдіктіге қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы белгіленіп, Тараз қаласының тергеу изоляторына қамалды.

Оқи отырыңыз: Итпен серуендеуге кеткен: Ақтауда жасөспірім қыз жоғалып кетті

15 жастағы бала қарындасын өлтірді дегенге көршілерінің көбі сенбейді. Ол тумысынан момын, жуас еді деп отыр. Ал қаза тапқан 10 жастағы қыз төрт  жылдан бері каратэмен шұғылданған екен. Айта кететін жағдай, бір перзентінен айрылып, екіншісі сотталғалы жатқан ерлі-зайыптының бес баласы болған.



sputniknews.kz