Пхеньян ядролық сынаққа мораторийден бас тартты

0

Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын ядролық қару мен құрлықаралық баллистикалық зымыран сынағын өткізуге жарияланған мораторий аяқталғаны туралы мәлімдеді. Бұған қоса ол жақын болашақта стратегиялық қарудың жаңа түрін көрсетуге уәде еткен.

Ким Чен Ын АҚШ билігін Пхеньянға «гангстерлерше талап қойды» және Оңтүстік Кореямен бірлескен әскери жаттығу өткізіп, «дұшпандық пиғыл танытып отыр» деп айыптады. Бұл туралы халықаралық ақпарат агенттіктері хабарлады.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео бұған жауабында Солтүстік Кореяны «басқа бағытқа бет бұруға» шақырып, Вашингтон «шиеленісті емес, бейбітшілікті қалайды» деп мәлімдеген.

Желтоқсанның басында Солтүстік Кореяның БҰҰ-дағы елшісі Ким Сонг бұдан кейін Пхеньян АҚШ-пен ядролық қарудан бас тартуды талқыламайтынын мәлімдеген. Сол жолы Солтүстік Корея билігі жақын болашақта елдің стратегиялық жағдайына елеулі түрде ықпал ететін «аса маңызды сынақтар» туралы хабарлаған еді.

Бұдан соң Пхеньянның жаңа сынақтар (болжам бойынша, құрлықаралық баллистикалық зымыранға арналған сұйық қозғалтқыш) өткізгені белгілі болды. Солтүстік Корея бас штабының басшысы бұл сынақ АҚШ тарапынан төнетін ядролық қауіп-қатерді тойтаруға бағытталғанын айтып, «дұшпан күштеріне», солардың ішінде Вашингтонға да «Жаңа жылды бейбіт жағдайда қарсы алғыларың келсе арандатудан аулақ болыңдар» деп ескерту жасаған.

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын соңғы жылдары үш рет кездескен. Екі ел тарихында бұған дейін мемлекет басшылары кездесіп көрмеген. Пхеньян ядролық сынақтарын тоқтатқан, бірақ жойқын қарудан арылу туралы келісімге келе алмады.

Azattyq