Петропавлдағы тергеу изоляторында дауыс беру аяқталды
Петропавлдағы ЕС 164/1 мекемесінде орналасқан №656 сайлау учаскесінде дауыс беру аяқталды. Тергеу изоляторындағы дауыс беру бір сағатқа созылған. Оған 112 тергеудегі азамат қатысқан. Сайлау учаскесі жабылғаннан кейін комиссия мүшелері дауыс санауға кірісті.
Солтүстік Қазақстан облысында бүгін 663 участок ашылған. Олардың 93-і облыс орталығы Петропавлда орналасқан. Облыста 402-ден астам бақылаушы тіркелген. Жалпы Қазақстан бойынша 10 мыңға тарта сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр.
Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, жергілікті уақыт бойынша сағат 10-да сайлаушылардың 12,8 пайызы сайлау бюллетінін алған.
ОСК дерегінше, Қазақстанда сайлауға дауыс беруге құқығы бар 11 814 019 адам бар.
Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл наурыздың 19-ы күні президенттік өкілетін тоқтататынын кенеттен мәлімдеп, сол кезге дейін сенат спикері болған Қасым-Жомарт Тоқаевты орнына уақытша президент етіп қалдырған. Ал сәуірдің 9-ы күні Тоқаев Қазақстанда биыл маусымның 9-ы күні кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялаған.
Қазақстанда президент сайлаулары 1991, 1999, 2005, 2011 және 2015 жылы өткен. Олардың үшеуі кезектен тыс болды. Барлығында елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев жеңген. Батыс бақылаушылары Қазақстандағы президент сайлауларының ешқайсысын халықаралық стандартқа сәйкес өтті деп таныған жоқ.