Петропавлда жекеменшік медициналық орталық іске қосылды
«Даму» кәсіпкерлерді қолдау» қоры арқылы жеңілдікті несиеге тұрғызылған «Help clinic» медициналық орталығына келушілер көп. Бұған дейін науқастар жалға алынған ескі ғимаратта ем-дом алып келсе, енді кәсіби мамандар күлімсірей қарсы алады.
Жанұзақ Базарбеков денсаулық саласында ширек ғасырға жуық еңбек етеді. Жоғары санаттағы невропатолог осыдан екі жыл бұрын өзі сияқты білікті дәрігерлердің басын қосып, қалада алғашқы емдеу кабинетін ашқан. Ол үшін бөлмелерді жалдап келген. Енді үкіметтің қолдауы арқасында кең де жарық нысанды салу мүмкіндігіне ие болды.
«Емделушілерге барлық жағдай жасалған. Күндізгі стационар жұмыс істейді. Ем қабылдау кабинеттеріне заманауи жабдықтар қойылған. Алдағы уақытта қызмет түрлерін көбейтеміз», дейді бас дәрігер Ж. Базарбеков.
Емдеу орталығы остехондроз, омыртқаның жарығы, неврологиялық ауруларды да емдейді. Инсульттан кейін ем алуларына болады. Ақылы массаж бен мануальды терапиямен қатар мұнда тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында емханаларда есепте тұрған азаматтарға тегін қызмет көрсетіледі.
Бүгінде медициналық орталықта мыңға жуық науқас есепте тұр.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы
Дереккөз: http://egemen.kz/