Петропавлда үйі өртенген көпбалалы отбасы далада қалды

0

Петропавлда жалдамалы үйі өртеніп кеткен отбасы бес баламен бірге далада қалды. Дүйсембиндер әулеті бүгінде жазғы шай ішетін үйшікте күнелтіп отыр. Қысқа арналмаған ғимарат пана болатын емес. Отағасы күні-түні пеш жаққанның өзінде үйдің іші суық. Әкімдік болса бұл іске араласпай отыр, деп хабарлайды «Астана» арнасы.

Балаларына болашағы үшін  Дүйсембиндер әулеті Мамлют ауданынан Петропавлға 2017 жылы қоныс аударған. Бірден жер үйді жалдап, өз баспаналарына қаражат жинай бастапты. Алайда, араға үш жыл салып бүкіл армандары су сепкендей басылды. Себебі, жиып-терген барлық қаржысы жалдап тұрған үймен бірге өртеніп кеткен.

«Өрт көршінің үйінен шықты. Біз тек балаларды шығарып үлгердік. Далада қалдық сол кезде. Түк қалған жоқ. Сіңлімнің де, балаларымның да документтері, бүкіл ақшамыз күйіп кетті», — деді Петропавл қаласының тұрғыны Гүлдана  Дүйсембина.

Қазір ерлі-зайыптылар бес баламен бірге көршілері ұсынған жазғы үйде тұрып жатыр. Тап-тар бөлмені жылыту үшін отағасы пешті күніне 4-5 рет жағады екен.

Дүйсембиндердің мәселесі әлеуметтік желіде жарияланды. Жұртшылық аз да болса қол ұшын созып, отбасын киім-кешек, азық-түлік және отынмен қамтыған. Қазір тек баспана мәселесі ғана өткір тұр.

«Қызым ауырды осында келген соң. Жөтеліп, мектепке бармай жүрді. Өзіміз де кішкене ауырып қалдық. Өйткені салқын, аяқтан сыз өтеді. Үйдің сәкісі суық, қаншама кілем төсеп қойдық. Көмекті әкімдіктен ғана тосып отырмын. Тұратын жер берсе болды. Одан басқа ештеңе сұрамаймын»,  — деді Гүлдана  Дүйсембина.

Отанасы жергілікті биліктен көмек сұрап, былтырғы желтоқсанның 24 күні қала әкімінің атына хат жазған. Алайда шенеуніктер бір айдан бері үнсіз отыр. Ал арна тілшілеріне «әкімдіктің меншігінде бос пәтер жоқ» екенін хабарлаған.

«Қазіргі кезде қала бойынша уақытша баспана жоқ. Егер де босап жатқан жағдайда, комиссияның шешімімен бұл кісіге пәтер беру қажет деп шешілсе, онда пәтер беріледі. Ол кісі 2019 жылдың сәуір айынан бастап пәтер кезегінде тұр. Пәтерді ол тек кезек бойынша ала алады. Қазір оның кезегі — 112-ші», — деді Петропавл қаласының әкімдігі ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.