Петропавлда төтенше жағдай режимін бұзған жүргізуші қамауға алынды

0
17

Ер адам билік өкіліне бағынбағаны үшін бір тәулік әкімшілік қамауда болады, сондай-ақ рұқсат құжаттарынсыз жүргені үшін айыппұл төлейді

НҰР-СҰЛТАН, 18 сәуір – Sputnik. Петропавлда төтенше жағдай режимін бұзған жүргізуші полицейлерден қашып кетпек болды.

15 сәуір күні Назарбаев-Чкалов көшелерінің қиылысында полицияның автопатруль экипажы Audi-100 жүргізушісінің құжаттарын тексеру үшін тоқтауға белгі берген.

«Ол полицейлердің заңды талабына бағынбай, аулаларда жасырынуға тырысты, бірақ аз уақыттан кейін ұсталды. Ер адамда карантин кезеңінде көлікпен жүру құқығын растайтын құжаттары болған жоқ. Ол дөрекі түрде, былапыт сөздер айтып, полиция бөліміне барудан бас тартты», – деп хабарлады Polisia.kz.

Жүргізушіге қатысты Қазақстанның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің екі бабы бойынша хаттама толтырылды: 476-бап (төтенше жағдай режимін бұзу) және 667-бап (құқық қорғау органы немесе арнаулы мемлекеттік орган, әскери полиция органы қызметкерінің (әскери қызметшісінің), сот приставының, сот орындаушысының заңды өкіміне немесе талабына бағынбау).

Оқи отырыңыз: Министр карантинде жатқан әйелдің бұрынғы күйеуі не істегенін айтып берді 

17 сәуірде сот шешімімен ер адам екі бап бойынша кінәлі деп танылды. Билік өкіліне бағынбағаны үшін оған бір тәулік әкімшілік қамауда болуына, рұқсат құжаттарынсыз жүргені үшін айыппұл төлеуіне тура келеді.



sputniknews.kz