Петропавлда робототехникадан халықаралық сайыс өтіп жатыр 

0

Фото: Автор

Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Петропавлда робототехникадан халықаралық сайыс басталды. Дүбірлі додада 4 мемлекеттен 250 оқушы сынға түседі.

Халықаралық фестиваль қатысушыларының алдында сөз сөйлеген облыс әкімі Құмар Ақсақалов Қазақстанда балаларды жан-жақты дамыту үшін бар жағдай жасалғанын атап өтті.

«Елбасы әрқашанда табиғи ресурстарды емес, білімді меңгерген елдердің болашағы зор деп айтады. Бүгінгде елімізде өскелең ұрпақты заманауи біліммен қамтамасыз етілуіне көп жағдай жасалған. Робоспорт фестивалін IT-технологиялар саласында ғылымның, озық ойлар мен шығармашылықтың дамуына арналған алғашқы баспалдақ деп айтуға болады. Біз робототехника біріншілігінің өткізілуін қолдаймыз. Бұл шараның балаларымыздың болашағына қосар үлесі зор. Петропавлда мұндай біріншіліктерді жиі өткізіп тұру керек», — деді Құмар Ақсақалов.

Халықаралық шара облыстық білім басқармасы мен «ҚазРоботикс» білім беру және спорттық робототехниканың қазақстандық федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Оған Қазақстан, Ресей, Өзбекстан мен Қырғызстанның жас спортшылар қатысады.

Жарыстың мақсаты робототехниканы білім беру және спорттық бағытта дамыту. Соңғы жылдары робототехника білім беру жүйесіне жеке пән ретінде қосылғанын ескерсек, оған деген қызығушылықтың едәуір артқаны аңғарылады.

«Жарыс робототехниканың 6 түрінен өткізіледі. Оған үлкендер және кішілер биатлоны, шағын робо сумо, жылжымалы робо сумо, лаберинт және эстафета. Негізінен оның түрі одан да көп, алайда біз биыл осы 6 түрін әкелдік. Жарысқа келген оқушылардың бәрі де өз елінде бірінші орын алып, жеңімпаз атанғандар», – дейді «Қазроботикс» федерациясының Президенті Айжан Жәкеева.

Мұндай жарыс халықаралық деңгейде үшінші рет өткізіліп отыр, 2016 жылы Астана қаласында, 2017 Ақтөбеде және биыл Қызылжарда. Додаға Түркістан облысының жастары жылжымалы сумо бойынша робот құрастырып әкелепті.

«Бұл роботты құрастыру үшін бізге лего конструкторы қажет болды. Біз арнайы бағдарлама жасаймыз. Мысалы, «қара сызықты көрсең артқа қайт», «қарсыласыңды ізде», «соған қарай жүр» деген бұйрықтарды енгіземіз. Қарсыластарды құлату үшін өзінің кедергілері болады», — дейді жарысқа қатысушы Алмас Аудабеков.

Екі күн жалғасатын жарыс барысында робототехниканы дамыту мәселелері бойынша дөңгелек үстел, тәжірибе алмасу және балалар мен педагогтарға арналған шеберлік сыныптары өткізіледі. 16 құрама робоспорттың 10 түрінен жарысады. Үздік команда Солтүстік Қазақстан әкімінің бас жүлдесін иеленбек.

Фото: Автор














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ