Петропавлда ресейлік бас киімдер көрмесі ашылды
«1000 бөрік. РФ» көрмесіне түлкі, қоян, қаракүзен, ондатр, жанат терісінен тігілген тауарлардың көз жауын алатын бірнеше түрі қойылған. Ерекше дизайнмен жасалып, әшекей тастармен көмкерілген тауарлар талғамы биік тұтынушылардың назарына бірден аударады.
«Мартэн» атты новосібірлік фабрика бөрік тігумен ширек ғасырға жуық айналысады. Тігілуі, сән жағынан бірін-бірі қайталамайтын ерекше бас киімдер жаңа технологиялар бойынша әзірленген.
«Бөріктер мен құлақшындар «Мартэн» фабрикасында пішіліп, тігіледі. Дизайнерлеріміз бас киім үлгілерін сатып алушылардың талғамына қарай әр түрлі етіп безендіреді. Қазіргі таңда канадалық және Сібір қаракүзені терісінен дайындалған өнімдерге сұраныс көп. Ең арзан бас киімнің бағасы 10 мың теңге болса, бұлғын терісінен жасалғаны қымбатырақ» дейді көрме жетекшісі Жанна Фоменко.
Мұнда бас киім жиынтықтары да сатылады. Мәселен, павлопосадтық «Морозко» өнімі бөрік, шарф және қолғаптан тұрады. Атап өтерлігі, барлық әшекей бұйымдар қолмен жасалған. Канадалық қаракүзен терісінен дайындалған бір жиынтықтың бағасы 96 мың 400 теңге тұрады.
Бұдан бөлек, ер азаматтардың да бас киімдері сатылады.
Айта кеткен жөн, «1000 бөрік.РФ» көрмесінің өкілдері тұтынушыларға жаңажылдық тиімді ұсыныс жасап отыр. Атап айтқанда, теріден тігілген ескі бас киімдерді жаңасына ауыстырып алу мүмкіндіктері қарастырылған. Ол үшін қосымша төлем жасап, құны 30 мың теңгеден жоғары тұратын бөрікті сатып алса болғаны.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы
Дереккөз: http://egemen.kz/