Петропавлда коронавирус жұқтырды деген күдікпен 4 адам шұғыл ауруханаға жеткізілді

0

Осыдан бір күн бұрын әлеуметтік желілерде арнайы киім киген медицина қызметкерлерінің екі көлікпен адамдарды әкетіп бара жатқан видеосы тараған болатын

НҰР-СҰЛТАН, 20 ақпан – Sputnik. Петропавл қаласында «коронавирус жұқтырды» деген күдікпен төрт адам ауруханаға жеткізілді. Төртеуі де бір отбасының мүшелері, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Осыдан бір күн бұрын әлеуметтік желілерде арнайы киім киген медицина қызметкерлерінің екі көлікпен адамдарды әкетіп бара жатқан видеосы тараған болатын. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәселенің мән-жайын түсіндірді. Ресми мәліметке сәйкес, бір отбасының мүшелері Тайландтан келіп, дене қызуының көтерілгенін байқаған. 

«Ерлі-зайыптылар екі баласымен Тайландтан ұшып келген. Дене қызуы болды. Барлығын «коронавирус жұқтырды» деген күдікпен инфекциялық бөлімге жатқызды. Олар тексерістен өтті. Зертханалық сынамалардың нәтижесінде коронавирустық инфекция анықталған жоқ. Медицина қызметкерлері тәртіп бойынша әрекет етті», — дейді мамандар.

Тағы оқыңыз: Жолаушылар пойызында коронавирус «табылды»: вагон қоршауға алынды

Қазіргі кезде әйел балаларымен бірге инфекциялық бөлімде жатыр. Ал ер адам қалалық ауруханаға ауыстырылды. Төртеуінің де жағдайы қалыпты.



sputniknews.kz