Петропавлда COVID-19 жұқтырған науқас туралы ақпарат жарияланды

0

Ол Омбы қаласынан үйіне пойызбен келген. Үйде тек анасымен бірге болды. Оның тапсырған сынамасы тағы да тексеріледі

ПЕТРОПАВЛ, 25 наурыз — Sputnik. 27 жастағы Петропавл тұрғынының коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталды. Ол Омбы қаласынан келген, деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Тимур Сұлтанғазиев брифингте.

Ол науқастың Ресейде оқитынын айтты.

«23 наурыз күні кешке транзиттік пойызбен келген. Онымен байланыста болған адамдар анықталып, карантинге жатқызылды. Науқас вокзалдан үйге барып, ешқайда шықпаған. Үйінде анасымен ғана болды. Келесі күні, 24 наурызда дене қызуы көтеріліп, жедел жәрдем шақырды. Ресейдегі эпидемиологиялық жағдайды ескеріп, жедел жәрдем бригадасы тиісті қорғаныс киімімен барды», — деді Сұлтанғазиев.

Қажетті сынама алынды, коронавирус инфекциясын жұқтырғанын көрсетті. Облыстық денсаулық басқармасының басшысы қосымша сынама Алматыдағы зертханаға жіберілгенін айтты. Нақты қорытынды тұрғындарға хабарланады. 

Пациентте жөтел жоқ, тыныс алуы қиындамағанын жеткізді.

Тағы оқыңыз: Коронавирус Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласына жетті

Қызбен араласқан 13 адам анықталды. Олардың COVID-19 жұқтырмағаны анықталды. Қалғандары үй карантинінде.  

Сондай-ақ, пәтер мен кіреберіс «Диадез» құралымен залалсыздандырылды.



sputniknews.kz