Петропавлда басқа қаладан келген қонақ үш туысын пышақтады: Екеуі көз жұмды

0

Петропавлда алматылық туысы бірнеше рет пышақтаған 89 жастағы әжей қайтыс болды. Қылмыскер өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. 

Еске сала кетсек, 10 наурыз күні сағат 3 шамасында Петропавл қалалық полиция басқармасының кезекші бөліміне 103 қызметі диспетчерінен 28 жастағы ер адам мен 48 жастағы әйел көпсалалы қалалық ауруханаға пышақ жарақатымен жеткізілгені туралы хабар түскен. Әйел ота жасалып жатқан уақытта көз жұмды.

Сонымен қатар, көпсалалы облыстық аурухананың хирургия бөліміне 89 жастағы әжейдің жатқызылғаны белгілі болды. Медицина қызметкерлері оның өмірі үшін күрескенімен, ажалдан арашалап қала алмады.

Тәртіп саұшылары күдікті ретінде туыстарына қонаққа келген Алматы қаласының 30 жастағы тұрғынын қолға түсірді. Тұтқындау кезінде оның мас болғаны айтылды.

«Кісі өлтіру» бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс 99-баптың екінші бөлігі, 1 және 8-тармақтарына қайта ауыстырылды, енді күдіктіге пайдакүнемдік ниетпен екі адамды өлтірді деген айып тағылып отыр. Тергеу жүріп жатыр», — деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Бұл баптың санкциясы 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге  немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Зардап шеккендердің барлығы — бір отбасының мүшесі, отағасы бейресми ақпаратқа сәйкес, қала әкімдігінде басшылық қызмет атқарған.