Петропавлда әкімдікте істейтін жас жігіт парамен ұсталды – видео
Қысқа сілтеме алу
Шенеунік қаладан шығатын жерлерде орналасқан блок бекеттер арқылы кедергісіз өтуге рұқсат бергені үшін 50 мың теңге пара алған
НҰР-СҰЛТАН, 23 сәуір – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Петропавл қаласы әкімдігінің қызметкерін парамен ұстады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Агенттіктің аппарат жетекшісі Қуаныш Жапақовтың айтуынша, ұсталған жігіт әкімдікте істейді және COVID-19 коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі шұғыл штабқа кіреді.
«Лауазымды тұлға Петропавл қаласынан шығатын жерлерде орналасқан блок-бекеттер арқылы кедергісіз өтуге рұқсат бергені үшін 50 мың теңге пара алды деп айыпталып отыр», — деді Жапақов бүгінгі онлайн брифингте.
Бүгінгі брифингте төтенше жағдайды пайдаланып, қалтасын қалыңдатын жүрген полицейлерге қатысты ақпарат та жарияланды. Айталық, Солтүстік Қазақстанда аудандық полиция бөлімшесі бастығының бірінші орынбасары 1 миллион 300 мың теңге пара алды деген күдікке ілінді. Осы ақша үшін төтенше жағдай кезінде ауданда бірнеше адамға кедергісіз жүруге рұқсат берген.
Оқи отырыңыз: Алматы облысында әкім тергеуге алынды
Ал Шымкент қаласында жол-патрульдік полицей жеке кәсіпкерді ішкі блок-бекет арқылы өткізіп тұрыпты. Сол үшін 25 мың теңге теңге алды деген айып тағылып отыр. Қаратау аудандық полиция басқармасында жұмыс істейтін учаскелік инпектор да 15 мың теңгенің парасын алды деген күдікке ілінді.
sputniknews.kz