Петропавлда 300-ге жуық зауыт қызметкері наразылық білдірді

0

15 мамырда Петропавлда вагон шығарумен айналысатын «Зиксто» зауытының жұмысшылары үш айға жақын жалақыларын алмағандарын айтып, наразылық білдірді. 14.30-ға қарай 300-ге тарта жұмысшы еңбекақыларын талап етіп, зауыт әкімшілігінің алдына жиналды.

Наразылар несиелерінің пайызы өсіп, қарыздарының көбейіп жатқанына шағынды.

Еңбекасын талап етіп, наразылық білдірген Петропавл тұрғыны Досбол Нұрпейісов. 15 сәуір 2019 жыл.

Еңбекасын талап етіп, наразылық білдірген Петропавл тұрғыны Досбол Нұрпейісов. 15 сәуір 2019 жыл.

— Олар бізді ең төмен жалақыға отырғызды. Ақша төлемейді. Барлығында несие, ипотека бар. Олар неге былай жасап жатыр? — деді зауыт қызметкері Досбол Нұрпейісов.

Азаттық тілшісінің айтуынша, маңайда полиция автобустары тұрған. Бес-алты полицей наразыларды бақылап жүрген. Зауыт қызметкерлері жиналған соң әкімшілік наразылар арасынан он шақты адамды іріктеп, ғимарат ішінде сөйлесті. Бір сағатқа жуық уақыттан соң зауыт директоры наразылар алдына шығып, 31 мамырда жалақының толық төленетінін уәде етті.

— Осыған дейін зауытта жасалған келісімшарттар тиімсіз болып шықты. Ресейдегі құрамдас бөлшектер 2-2,5 есе қымбаттап кетті. Ол жақтағы басшылар бағаның көтерілуі бойынша келісімшартты қайта қараймыз деп сөз берді. Осыдан кейін зауыттағы жұмыс жалғасады. Екі айдың жалақысын 31 мамырға дейін төлейміз,- дейді «Зиксто» зауытының бас директоры Ренат Шамсутдинов.

«ЗИКСТО» зауытында 800-ге жуық адам жұмыс істейді. Зауыт дерегінше, мекеменің жалпы қарызы — 95 миллион теңге.

Azattyq