Петропавл тұрғыны 20 жылдан бері жоқ көлікке салық төлеп келеді

0

Петропавлда республикалық «Халық заңгері» акциясы өтті. Құқықтық көмекті тегін алуға келгендер әділет органдары, прокуратура, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет — барлығы 20-дан астам маманға жүгінді.

Петропавл тұрғыны Жанат Қариев осыдан 20 жыл бұрын халық арасында «копейка» аталып кеткен Жигули автокөлігін сатқан.

Бірақ осы күнге дейін жылда жоқ машинаның салығын төлеп келеді.

Басында 6 мың теңге болса, қазір салығы 9 мың теңгеге жеткен.

«Төлемеп едім, маған „арест“ қойды. Атымнан шығарайын десем, көлік жоқ. 40 жылдық машина ғой, бір жерде бүгінде шіріп жатқан шығар. Қайдан табамын. Сатып алған адамды іздестірдім, Бескөл тұрғыны осыдан 17 жыл бұрын қайтыс болған екен. Жол полициясына бар деді, одан анықтама алдым, Халыққа қызмет көрсету орталығына бар деді, олар біз бұл мәселені шеше алмаймыз деді. Прокуратура көмектесе алмайтынын айтты. Екі рет — Петропавл қалалық және Бескөл аудандық сотына бердім, нәтиже болмады», — дейді Жанат Қариев.

Қала тұрғыны «Халық заңгері» республикалық акциясына келіп, мамандардың көмегіне жүгінді.

«Әділет департаменті басшысымен сөйлестім, мәселені шешуге болатынын айтты, көмектесетін болды», — дейді Жанат Қариев.

Іс-шараға келген тұрғындардың қарасы қалың болды. Әлеуметтік акция енді аудан орталықтарында жалғасын таппақ.