Петропавл полициясы 174-бап бойынша іс қозғап, блогердің үйін тінтіді
Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті 15 желтоқсанда «әлеуметтiк алауыздық қоздыратын сипаттағы материалдарды әлеуметтік желі арқылы тарату фактісі» бойынша Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-тармағы негізінде сотқа дейінгі тергеу бастаған. Бұл туралы департамент баспасөз қызметінің Азаттыққа 23 желтоқсанда берген жазбаша жауабында айтылған. Бұған дейін Азаттық полициядан «заңсыз шеруге қатысуға шақырған және өзі қатысқан» деген айыппен өткен аптаның басында сот шешімімен 10 тәулік әкімшілік қамауға алынған блогер Азамат Байкеновтің үстінен қылмыстық іс қозғалғаны рас па деген сұрақ қойған болатын.
Полицияның жауап хатында тергеудің егжей-тегжейі жайлы ештеңе айтылмаған. Алайда «сот санкциясымен» блогердің тұрғылықты мекен-жайында оның өзінің қатысуымен тінту жүргізілгені, тінтуге Байкеновтің әйелі қатыспағаны жазылған.
«Қылмыстық құқық бұзушылыққа А.Б.Байкеновтің қатысы барлығы сотқа дейінгі тергеу аясында тексерілетін болады» дейді полиция департаменті.
16 желтоқсанда Петропавл қаласында саяси қуғын-сүргін құрбандарына орнатылған ескерткішке гүл қойған бір топ адамның арасындағы болған Азамат Байкеновті билік сол күні «шеруді ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзды» деген айыппен сотқа тартып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алған. Байкенов өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, ешкімді шеруге шақырмағанын мәлімдеген.
Биліктің Азамат Байкеновті ұстап, әкімшілік айып таққанына байланысты әлеуметтік желі қолданушылардың көбі наразылық білдірген. Кей белсенділер «Байкеновтің үстінен қылмыстық іс қозғалғаны және туыстарына қысым жасалып жатқаны» туралы хабарлаған. 18 желтоқсанда Азаттық тілшісімен сөйлескен блогердің әйелі Мәдина Байкенова қолындағы телефонын үйін тінтуге келген адамдардың тартып алып қойғанын айтқан еді.
Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті «Байкенов пен оның отбасы мүшелеріне психологиялық және басқа қысым көрсетілген жоқ» деп хабарлады. «Қазіргі кезде қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр» дейді баспасөз қызметі.
Халықаралық ұйымдар Қазақстанда соңғы жылдары ондаған азаматтық белсенді, журналист, блогер және діни қауымдастық өкілдерін сотқа тартуға негіз болған 174-баптың бұлыңғыр жазылғанын бірнеше рет сынаған. Өткен аптада Нұр-Сұлтанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қылмыстық кодекстің «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру» деп аталатын 174-бабын ізгілендіріп, «Жала жабу» деп аталатын 130-бабын Қылмыстық кодекстен Әкімшілік кодекске ауыстыру қажет екенін айтқан. Кей сарапшылар биліктің ұсынысын «жартыкеш шара» деп атап, сынға алған.
Биыл 16 желтоқсан – Қазақстан тәуелсіздігі күні елдегі ең ірі екі қалада 1986 жылы советтік Қазақстанда Мәскеудің шешіміне наразы қазақ жастарының шеруін билік қатыгездікпен басып-жаншыған кезде және 2011 жылы Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында мұнайшылардың бірнеше айға жалғасқан ереуілін оқ атып таратқанда қаза болғандарды еске алып, бейбіт акцияға қатысқан ондаған адамды полиция көшеден жаппай ұстап әкетті. Олардың көбін сотқа тартып, 10-15 тәулік аралығында әкімшілік қамауға алды.