Перзентханада қаза болған көпбалалы ананың дәрігерлер тамырын кесіп жібергені белгілі болды

Абай облысының Үржар аудандық перзентханасында 34 жастағы келіншек пен оның сәбиінің қайтыс болуына байланысты дәрігерлерге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Марқұмның туыстары медициналық сараптама қорытындысын алған соң әділдік талап етуде.
Жолдасым мен сәбиімнің өліміне қатысты сараптама қортындысы шықты. Осы аурухана дәрігерлерінің кінәсі болып отыр. Жолдасымның тамырын кесіп жіберген. Жолдасымның денсаулығында ешбір кінәрат болмаған. Осы дәрігерлер заң алдында жаппай жазасын алса деймін, — дейді марқұмның жолдасы Ұлан Балапанов.
30 қаңтарда Үржар аудандық перзентханасында 34 жастағы Гүлнәр Қайратқызы төртінші баласын дүниеге әкелуге барып, қайтыс болды. Медициналық сараптама оның ішіне қан кету салдарынан көз жұмғанын анықтады.
Осы қайғылы оқиғадан кейін ауданның бас дәрігері қатаң сөгіс алып, екі орынбасары қызметінен босатылды. Полиция медицина қызметкерлерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеуді бастады. Сот-медициналық сараптамалардың нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады.