перзентханада көз жұмған әйелдің туыстары дәрігерлерді кінәлайды

0

Алматы перзентханасында үш баланың анасы босанғанан кейін қайтыс болған еді

НҰР-СҰЛТАН, 25 шілде – Sputnik. Алматыдағы №1 перинаталдық орталықта көз жұмған Гүлчиман Якупованың мерзімсіз қазасына туыстары дәрігерлерді айыптап отыр. Кесар тілігінен кейін келіншектің жағдайы күрт нашарлап, көз жұмған, деп хабарлайды КТК.

«Өз аяғымен шығып кетті ғой, қызым-ай. Өлігін алып келдік қой. Не деген масқара бұл?!» – деп жылайды келіншектің қайғыдан қан жұтып отырған туыстары.

Тағы оқыңыз: Алматыда үш баланың анасы көз жұмды

Якуповтар әулеті перзентханаға өз аяғымен кірген қыздарының табытпен оралғанына әлі күнге дейін сене алар емес. Бұрын-соңды денсаулығында кінәрат болмаған 29 жастағы келіншекті дәрігерлер бір апта бұрын кесар тілігі арқылы босандырып алған. Шақалақ дін аман. Алайда ананың жағдайы операциядан кейін күрт нашарлапты. Гүлчиманның арыз-шағымын дәрігерлер елемегені былай тұрсын, өзіне дүрсе қоя берген, дейді жақындары.

Келіншек қазасынан екі күн бұрын інісінің үйлену тойында еш алаңсыз билеп, шат-шадыман көңіл-күйде жүрген, сондықтан туыстары артында үш баласы қалған ананың өліміне дәрігерлердің салғырттығы себеп болды деп санайды.

«Тойда жүргені ұнады. Тойды жақсы өткіздік. Перзентханаға да ойдағыдай барды. Дәрігерлер басында бізге ештеңе айтпады. Басқа отбасыларға мұндай қайғы тілемеймін. Бұлай болады деп ешкім ойламаған. Маған таңғы төртте «мен саған тағы бір ханшайымды туып бердім» жазыпты. Адам сияқты қарамаған. Мал сияқты көрген ғой», — дейді марқұмның күйеуі Дамир Вахитов.

Қайғылы оқиғадан кейін №1 перинаталды орталықтың қызметкерлері көз жұмған келіншекке қатысты жағдайды қайта жазып, сараптама орталығына жіберген көрінеді. Дәрігерлердің бұл әрекеті туыстарының ашуын туғызып, көңілдеріне күдік ұялатқан.

Тағы оқыңыз: Ондаған науқас әйелді жүкті қылған дәрігер сотталды

«Сараптамаға барған кезде, науқас қағазы әлі жоқ. Олар қағазсыз жібере салған. Сөйтсек, оны қайтадан жазып жатыр екен. Бізге айтса болатын еді. Қан қысымы 180 болып келді деп өтірік жазған. Сонда бізді адам сияқты көрмеген ғой. Прокуратураға дейін жаздым. Бұл істі бұлай қоймау керек», — дейді Гүлчиманның әкесі.

Перзентханадағы өлімге байланысты сараптама тағайындалып, қылмыстық іс қозғалыпты. Денсаулық сақтау министрлігі комиссия құрып, тексеріс жүргізіп жатыр екен.

№1 перинаталдық орталықтың төрт қызметкері әзірге қызметінен шеттетілген. Олардың кінәсі толық дәлелденсе, басшысымен қоса бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

«Қазір қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің қызметкерлері де тексеріс жүргізіп жатыр. Біз қылмыстық істі қарау кезінде міндетті түрде олардың қорытындысын есепке алатын боламыз. Егер дәрігерлердің кінәсі анықталып жатса, олар ҚК 317-бабы (Медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсiптік мiндеттерiн дұрыс орындамауы) бойынша жауапкершілікке тартылады», — деп мәлімет берді Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Тағы оқыңыз: Қырыққа толмаған келіншек 38 баланы дүниеге әкелді

Келіншектің жақындары бұл мәселеге денсаулық сақтау министрлігі пен Бас прокуратураның араласуын сұрап отыр.



sputniknews.kz