Перизат Қайратқа қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды

Перизат Қайраттың ісін тергеу барысында келтірілген шығын 3,5 млрд теңге сомасында анықталды.
Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов айтты.
— Перизат Қайратқа қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды. Қазіргі кезде материалдармен таныстыру процесі жүріп жатыр. Естеріңізде болса, қылмыстық істі тергеу барысында келтірілген шығын бойынша әртүрлі сома айтылған еді. Қазір 3,5 млрл теңге сомасындағы шығын анықталды, — деді Ж. Елемесов Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, П. Қайраттың тәркіленген мүлкі бойынша соңғы шешімді сот шығарады. Бұл мүлік зардап шеккендерге келтірілген шығынды өтеуге немесе мемлекеттің меншігіне өтеді.
Сонымен қатар Ж. Елемесов аталған іс бойынша күдікке Перизаттың анасы да іліккенін нақтылады.
— Анасы үй қамақта. Екеуі де күдікті. Анасын да алаяқтық бабы мен қылмыстық жолмен тапқан ақшаны жылыстату бойынша тергелді. Ол қызына көмектесіп, түскен ақшаны өзінің есеп-шотына аударған. Кейін осы қаражатты банктен шешіп, үймен көлік сатып алған. Гүл сататын дүкендерді алуға көмектескен, — деді агенттік төрағасының орынбасары.
Оның сөзіне қарағанда, күдікті Перизат жаңа оңалту орталығының құрылысына, су тасқынының зардаптарын жоюға, Палестинада зардап шеккендерге қаражат жинаған. Бұл 190-бап бойынша үш эпизод — алаяқтық, оларға қатысты тергеу аяқталды. Сондай-ақ қылмыстық жолмен табылған қаражатты активтерге біріктіру арқылы жасырған екі факті бар.
— Дәл қазір зардап шеккендердің нақты санын айта алмаймын, олардың саны өте көп. Қомақты қаржы салған жәбірленушілер бар. Бұл істер бойынша Перизат Қайрат өз кінәсін мойындамай отыр, — деді Ж. Елемесов.