Пентагон мен Талибанның «бауырластығы» немен аяқталады

0

Колумнист

Қысқа сілтеме алу

5 0 0

Көрмес түйені де көрмес… Америка Құрама Штаттары тәлібтермен татуласып, келісім рәсімдегеннен кейін ауған жеріндегі қылмыстарды «байқамайтын» болған. 

10 маусымда орталық басшылықтың қолбасшысы Кеннет Маккензи тәлібтердің АҚШ-қа ешқашан қауіп төндірмегенін мәлімдеді. Ал Америка әскері Ауғанстанда 19 жылы тек Ислам мемлекеті мен «Әл-Каида» сарбаздарына қарсы соғысты. Алайда Маккензи «Талибан» мен «Әл-Каида» арасында байланыстың бар-жоғын ашық айтпады.

Жақында Біріккен Ұлттар Ұйымы тағы бір баяндамасын жариялады. Оған сәйкес, 29 ақпанда тәлібтер АҚШ-пен келісімшартқа отырса да, «Әл-Каидамен» тығыз байланыс ұстап отыр. Ал келіссөздер кезінде тәлібтер өз «бауырларымен» үнемі ақылдасып тұрған. Ал «Әл-Каида» Қатарда рәсімделген келісімді «Талибанның жеңісі» деп бағалады.            

«Талибан» болса, әскери жолмен билікке келуді қалайды. «Ислам Эмиратын» құруды көздейді. Ондайда билік ұрпақтан ұрпаққа беріледі. Алайда ауған халқы жаңа құрылымның құндылықтарын қолдап отырған жоқ. Ауғанстан Ислам Республикасы болса да, президент пен парламентті сайлап отырады.

Оқи отырыңыз: Путин мен Ердоған Идлибтегі атысты тоқтату туралы уағдаласты

Қатардағы келісімнен кейін тәлібтер америкалықтар мен олардың НАТО аясындағы одақтастарына оқ жаудырмаймыз деген. Алайда көктемде күніне 30 қарулы шабуыл жасап тұрды.  The New York Times-тың мәліметі бойынша 1-3 маусым аралығында Ауғанстан жерінде жергілікті қауіпсіздік күштерінің 28 сарбазы және 33 бейбіт тұрғыны оққа ұшқан. Бұның барлығы  «Талибан» мен АҚШ арасындағы келісімнің шартты түрде жасалғанын көрсетіп отыр. Олар ауған халқының тағдырына да бей-жай қарайтын тәрізді.

Қазіргі кезде ауған әкімшілігі тәлібтермен келіссөз бастауға дайындалып жатыр. Кездесу Қатар қаласында өтеді деген жоспар бар. Ресми делегацияны Ауғанстанның ұлттық татуласу жөніндегі Жоғарғы кеңесінің жетекшісі Абдулла Абдулла бастап барады. Ол «Талибанмен» бұрыннан бері күресіп жүр. Вашингтон болса, қаржылай қолдауды тоқтатамыз деп, Кабулды қорқытумен әлек. Онымен тәлібтердің талабына көндіруге тырысатын сияқты.

Егер екі жақ тұтқындарды босату туралы міндеттемелерді орындаса, онда түрмеден 5 000 тәліб шығады. Соның орнына ресми биліктің қауіпсіздік күштері мен әскерилерінің небәрі 1 000 сарбазы ғана босатылады. Шыны керек, бұл әділетті айырбас емес. Ал оның арты жағдайды ушықтырып жіберетіні анық. Мәселен, маусымға дейін 2 700 тәліб бостандыққа шықты. Олардың орнына 420 әскери ғана босатылған.

Ал тұтқын тәлібтер бостандыққа шыққан сайын олардың әскери қуаты күшейіп келеді. Оған қоса, содырлар әлі күнге дейін жаһандық ауқымдағы есірткі трафигін бақылап отыр. Осылайша, Пентагон мен «Талибанның» «бауырластығы» бейбіт өмірді емес, жаңа шиеленісті ушықтырып тұрған сияқты. Оның салдары Орталық Азия елдеріне де тиіп кетуі мүмкін.

«Ислам мемлекеті», «Талибан», «Әл-Каида» – Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым



sputniknews.kz