«Пендеміз, қуанғанда Раббымызды ұмытамыз»: Айдар Тұрғамбек Алла жолына қалай келгені туралы — Қазақстан жаңалықтары

0

«Жігіттер» квартетінің солисі Айдар Тұрғамбек өзінің есті әндерімен тыңдарман қауымын қуантып жүр. Соңғы жылдары жеке шығармашылығын қолға алып, тың туындылар ұсынып жүрген әнші Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында қызының дүниеге келуі, келіншегінің мінезі, ер адамның қыз ұзатып, қарындасқа өсиет айтуы, намазға келу туралы айтып берді. 

Айдар Тұрғамбек

— Соңғы уақытта сіздің шығармашылығыңыз той бағытына ауысып жатқан сыңайлы. Қыз ұзатып, тұсау кесуге арналған туындыларыңыз халықтың арасында кең таралды. Бұл той бизнеске түбегейлі ауысып кетті дегенді білдіреді ме?

— Нақтысын айтқанда Қазақстанда өнер адамдарының 70 пайызы той бизнеспен айналысады. Сондықтан әншілердің тойдан табыс табуы таңқаларлық нәрсе емес. Әрине концерттерден де, ғаламтордан да ақша түседі. Алайда, тойға шығуға да мұқтажбыз. Тойдың әндері менде ғана емес, барлық әншіде бар. Барлық бағытта ән жазамын деген шешімге келіп, тойға арналған 4-5 туынды өмірге келді. Одан бөлек халық менің жетімдер, махаббат туралы, қоғамдағы өзекті мәселелер жайлы әндерімді біледі.

— Қарындасыңызға тілек айтып, қыз ұзатқаныңыз көпшілікке ұнады. Арасында сын айтқандар да болды. Неліктен қыз ұзатамын деп шешім қабылдадыңыз?

— Қыз ұзататын ән жазу он жыл бойы ойымда жүрді. Қарындастарыма әнмен өсиет айтқым келді. Өзіміздің әжеміз қазақтың керемет дәстүрін айтып бергеннен кейін, қыз ұзату мәселесін ойға алдым. Ол кісі «Кезінде бізді, әпкелерімізді ұзатқанда ағаларымыз өсиет айтып, көлікке дейін шығарып салған» деген еді. Кезінде ағалары сөзбен өсиет айтқан. Мен сол өсиетті әнмен айтамын. Екі жеңгесі шығарып салады. Нағыз салт осы. Білмегендер білсін, бұл бір ерекшелік. Қазіргі таңда екі ән жазылды. Басында әнмен тойдың төріне отырғызып, соңында шығарып саламын. Ешкімнің бетін қайтармай, ниеттенген қарындастарыма өсиет айтып жатырмын. Сұрыныс та жоқ емес.

— Шығармашылығыңыздан-ақ ата-анаңызға деген ерекше құрметті байқауға болады. Отбасында қандай перзент, қандай әкесіз?

— Ата-анама қолымнан келгенше жақсылық істеп, жағдайларын жасағым келеді. Бізді өсірді, бақты, енді келесі кезек біздікі. Олар Шымкентте ауылда тұрады. Арасында келіп, қыдырып кетеді. Кеше қызым туған кезде келіншегіме анам көмекші болды, жанымызда қалып, сәбиімізді күтуге жәрдемдесті. Қазір ата-анамыз қартайды. Бала-шағасының қызығын көріп, ұзақ өмір сүрсе екен дейміз. 

— Жақында ғана қызыңызды бауырыңызға бастыңыз. Қызыңыздың атын қалай қойдыңыздар? Атын қою бақыты кімге бұйырды?

— Қызымның атын Асма деп қойдық. «Асма» деген Әбубәкір есімді пайғамбарымыздың сахабасының қызының есімі. Асма үлкен аналардың бірі. Қызымның атын Сарағаштағы Әбдіжаппар деген Орта Азияға танымал нағашым қойды.

Айдар Тұрғамбек

— Қызыңыздың болашақта халықтың ортасында жүргенін қалайсыз ба? Әлде оны жұрттан жасырын ұстайсыз ба?

— Қызымның болашағын, тағдырын Алла біледі. Алайда мен Құдайдан перзенттерім мұғалім немесе дәрігер болса екен деп сұраймын. Халықты емдеп, сауабын алса қандай жақсы. Мен дәрігерлерге қарап қатты қызығамын. Керемет мамандық екені рас қой. 

— Перзентханадан шығарған кезде келіншегіңіз суретке түспеген екен. Неліктен әйеліңізді жұрттың көзіне көрсеткіңіз келмейді? 

— Келіншегімнің табиғаты сондай. Суретке түсуді, концертке, тойға баруды ұнатпайды. Өзінің жеке өмірі бар. Бала-шағамен айналысады. Өзіміз жеке қыдырамыз. Бірақ көпшіліктің көзіне мүлдем түскісі келмейді. Өзі «Мен бармай-ақ қояйын, суретке түспей-ақ қояйын» деп сұранады. Мен түскісі келмей тұрған адамды түсірмеймін ғой.

— Бес уақыт намаз оқып, азан шақыратыныңызды білеміз. Әдетте Алла жолына адам өміріндегі қиын немесе аса қуанышты сәттен кейін келеді. Сіз қалай келдіңіз?

— Біз барлығымыз туылғаннан мұсылманбыз. Мұсылман мемлекетінде өмір сүреміз, мұсылман отбасында дүниеге келдік, ата-бабамыздың барлығы мұсылман. Мен 23-24 жасымда намазға келдім. Басымда айтарлықтай үлкен қиыншылықтар болған жоқ. Мен ақылмен келдім. Алла жүрегіме иман ұялатып, саналы түрде дінге бет бұрдым. Адамдар әртүрлі жағдаймен намазға жығылады. Біреуі жол апатынан кейін, бірі ауырғаннан соң, бірі отбасылық жағдайға байланысты. Негізі көбінесе ауыр жағдайлармен келеді екен ғой, қуанышты жағдайдан кейін келмейді. Пендеміз ғой, қуанғанда бәрін ұмытып кетеміз. Менде қиын жағдай болған жоқ. Ақылмен келдім десем болады. 

Айдар Тұрғамбек

— «Жігіттер» тобы басқалар секілді әрбір ішкен-жегенін, қымбат киімін желіге салып мақтанатындар қатарынан емес екенін білеміз. Десе де, ең қымбат киіміңіздің құны қанша?

— Шынын айтсам, қымбат киім кимеймін. Орта бағадағы, өзіме жарасымды заттарды алғанды жөн санаймын. Алайда, менің хоббиім — киіну. Киімді өте көп аламын, бірақ бағасы соған қарай арзанырақ болады. 

— Қазақстанда фонограмманың көмегіне мүлдем жүгінбейді деп кімдерді айта алатын едіңіз?

— Ешкімді айта алмаймын. Фонограмманы мүлдем қолданбайтын әнші жоқ. Өйткені телевиденияның өзінде бағдарламаларың түсірілім жұмыстары кезінде фонограмма қолдануға міндеттісің. Одан кейін қыстыгүні ашық аспанның астында жанды дауыспен ешкім ән айта алмайды. Егер айтатын болса, дауысынан айырылады. Суық кезде жанды дауыспен айту мүмкін емес.

— Жазда шетелде демаласыз ба әлде отанда қалуды жөн көресіз бе?

— Жағдайым жетіп жатса, демалғанға не жетсін. Өзімізде де демалатын жерлер жетіп жатыр. Алакөл, Қапшағай, Ақтау бар. Әрине өзіміздің мемлекетімізде демаламын. 

— Өзіңізді сүйіп тыңдайтындар үшін шығармашылықта қандай жаңалығыңыз бар?

— Құдай қаласа халыққа өзгеше бір қырымнан танылғым келіп, дайындап отырған ерекше ән бар. Шыққан кезде халық көреді, күтіңіздер. Бұл ән өзім үшін ерекше бағыттағы туынды болмақ. 

— Әңгімеңізге рақмет! Шығармашылық табыс тілейміз.

Сұхбаттасқан: Дана Русланқызы 

 

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.

stan.kz