педофилдің жантүршігерлік қылмысы қалай ашылды 

0

Осыдан бес жыл бұрын Рудный қаласының халқы із-түзсіз жоғалған Виктория Ганяны бір ай бойы іздеді. Жеті жасар қыздың мәйіті ескі гаражда табылды

НҰР-СҰЛТАН, 31 қазан – Sputnik. Тергеу кезінде қылмысты мүгедек адам өз мойнына алды. Бірақ құқық қорғаушылар оның осы қылмысқа еш қатысы жоқ екенін анықтап, нағыз педофилді ұстағаннан кейін «адамның аласы ішінде» екеніне тағы бір рет көз жеткізді. Sputnik Қазақстан қылмыстық материалдарға сүйеніп, Рудный қаласын шулатқан оқиға туралы баяндайды.

Белгісіз адамның фотороботы қалай жасалды

2014 жылы 14 сәуірде Рудный қаласының кезекшілік бөліміне қоңырау шалған әйел белгісіз ер адамның 7 жасар Виктория Ганяны ұрлап кеткенін хабарлады. Оның айтуынша, кішкентай қыз құрбыларымен бірге далада ойнап жүргенде жоғалып кеткен. Анасы алдымен өзі іздеп көрді. Бірақ одан нәтиже шықпады. Содан бірден полицияға хабар берген.

Құқық қорғаушылар біршама уақыттың өтіп кеткенін түсінді. Дегенмен жылдам әрекет етсе, кішкентай қыздың аман-есен табылуы да мүмкін еді. Қалада Виканың жоғалғаны туралы хабар тез таралып кетті. Бірнеше сағаттан кейін еріктілер де оны іздеуге кірісті. Жертөле мен шатырдың бәрін қарады. Бір күн ішінде бір шақырымнан астам радиустағы айналаны тінтіп шықты. Алайда Вика табылмады.

Тағы оқыңыз:»Өзімді тоқтата алмадым»: павлодарлық педофил қылмысы туралы айтты

Тергеушілер болса, куәгерлерді іздеді. Белгісіз ер адамды көргендерді табуға тырысты. Бірақ олар да ештеңе таппады. Енді, Викторияның құрбылары бір дәйек айта ма деген үміт болды. Олар жақын жердегі су қоймасына шаян ұстауға барғанын айтты. Жарты жолда белгісіз ер адам кездескен. Ол шаян көп жүретін жерді көрсетемін депті. Балалар бас тартады. Ал Вика қорыққан жоқ. Ер адамның сөзіне иланып, артынан ілесіп кете берді. Оны көрген құрбылары бірден анасына барып, мән-жайды айтқан.

Кішкентай қыздар ер адамды қалай кездестіргенін айтса да, оның бет-әлпетін сипаттап бере алмады. 30-35 жаста, орта бойлы және еуропалық нәсілге жататынын ғана айтты. Үстінде қара былғалы күртке және көк джинсы болған. Соның негізінде фоторобот жасалды. Бірақ оған ұқсас адамдар тым көп еді.

Ескі гараж жол бойында тұрған

Викторияның жоғалғаны туралы ақпарат түскен бойда Рудныйда қылмыскерді ұстау операциясы жарияланды. Полицейлер күдікті адамдар мен көліктердің бәрін тексерді. Осылайша, Викторияны іздестіру шарасы бір айға созылды. Еріктілер саны көбейді. Қаланың барлық жерінде хабарландыру ілінді. Кішкентай қыздың ата-анасы экстрасенстердің қызметіне де жүгінді. Бірақ одан да пайда шықпады. Ал 22 мамырда Виктория Ганяның өлі денесі табылды.

Еріктілердің арасында болған Владимир Ральченко «Рудный-Тобыл» тас жолы бойындағы жерлерді қарап жүргенде құрылысы бітпеген ескі гаражды көрген. Іші қараңғы. Содан ол қалта шамын жағып, көліктің астын тексеруге арналған шұңқырға үңілгенде баланың киімін көрген. Тура Виканың үстінде болған киімдер екен. Енді қараса, кішкентай қыздың өзі де сол шұңқырда жатыр…

Тағы оқыңыз: Ақтөбеде баланы зорламақ болған қарт: Түрмеден тірі шықпайтын шығармын

Тергеушілер мен криминалистер тез келді. Олар кішкентай қыздың бас жарақатынан қайтыс болғанын бірден түсінді. Оған дейін қылмыскер Викаға қорлық көрсеткен. Бір ай өтсе де, криминалистер генетикалық материалға жататын біраз дәйек жинап алды. Мәселен, тырнақ астынан терінің жасушалары шықты. Шәует пен шаш та болды. Дәл осы генетикалық сараптама қателік жібермей, нағыз қылмыскерді ұстауға көмектесті.

Күдікті ұсталып, бірден босатылды

Тұрғындар маньяктың ұсталмай жүргеніне қатты алаңдады. Өз балаларын далаға жіберуге қорықты. «Қылмыскерді баяу іздеп жатыр» деп полицияны сынады. Тергеушілер болса, өз жұмысын жалғастыра берді.

Іздестіру шаралары кезінде қылмыскердің бейнекамераға түсіп қалғаны да анықталды. Онда педофилдің кішкентай қызды тас жолға қарай әкетіп бара жатқаны анық көрінді. Бірақ видеоның сапасы тым нашар болды. Қылмыскердің бет-әлпеті дұрыс көрінбеді. Алайда тергеушілер ер адамның жүрісінен бір өзгешелік байқайды. Сол аяғын алға басқаша басып жүреді екен.

Тағы оқыңыз: «Өмір бақи бас бостандығынан айырылады»: елімізде жаңа заң әзірленіп жатыр

Виктория Ганяны жабық табытта жерледі. Кішкентай қызды соңғы сапарға шығарып салуға біраз адам жиналды. Жерлеу рәсіміне қылмыскер де келеді деген пікір болды. Осыған байланысты полицейлер келген адамдардың барлығын жіті қадағалап отырды. Алайда фотороботқа ұқсас ешкім көзге ілінбеді. Ал 18 шілде күні күдікті ұсталды деген ақпарат тарады.

Құқық қорғаушылар әлеуметтік бейімдеу орталығына барып, тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдарды тексергенде 19 жастағы мүгедек Владимир Пыжов қаша жөнелген. Бірақ полицейлер оны бірден құрықтады. Алдымен қамау изоляторына отырғызды. Артынан жауап алуға жеткізді. Сол жерде қылмыс туралы айтылды. Оны естіген Пыжов бірден кінәні мойындап, қылмысты жасағанын жеткізді. Алайда тергеушілер алдымен бәрін тексеріп шығуға шешім қабылдайды. Оған қоса, Викторияның құрбылары Пыжовты таныған жоқ. Осыдан кейін полицейлер генетикалық материалды салыстырып көрді. Мүгедектің қылмысқа еш қатысы болмай шықты.

Педофил полицейлердің назарына қалай ілінді

Тергеушілер осы іспетті қылмыс үшін бұрын сотталғандарды тексерсе, криминалистер күн-түн демей базадағы мәліметтерді генетикалық сараптаманың нәтижесімен салыстырды. Осы базадан көптен бері іздеуде жүрген қылмыскер табылды.

Денис Лесниковтың мәліметтері 2010 жылдан бері сақталып жатқан. Сол жылы ол кәмелет жасқа толмаған қызды зорлау және өлтіру фактісі бойынша күдіктілердің арасында болды. Оның кінәсі дәлелденбесе де, биоматериал үлгілері сарапшылардың базасында қалып қойған.

Тағы оқыңыз: «Аузы қанап кетіпті»: елордада мектеп жанында ер адам қызға шабуыл жасады

Құқық қорғаушылар Лесниковты құрықтауға шыққанда оның түрмеде отырғанын білді. Сөйтсе, ол бұған дейін мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан. Бірақ жергілікті учаскелік инспектордың тіркеуіне бармай қойған. Сол үшін түрмеге қайта отырғызу жазасы қарастырылған. Оны 2014 жылы 29 сәуірде қамады. Ал Виктория Ганя осыдан бес күн бұрын жоғалған болатын.

31 жастағы Лесников генетикалық сараптама қорытындысын көргеннен кейін тергеумен келісімге келді. Бәрін айтамын деді. Бірақ тергеу изоляторында қауіпсіз жерде ұстауды сұрады. Себебі қылмыскерлер ондай әрекет үшін ұсталған адамды аямайды екен.

Лесниковтың әңгімесі

Колониядан шыққан Лесников баяғы әдетіне басып, ұрлықпен айналысып жүрген. Өз «кәсібін» Қостанайда ғана емес, жақын жатқан елді мекендерде де жүргізді. Ал 24 сәуірде Рудный қаласына мини-мопедті айдап кету үшін барыпты.

Лесников скутерді ұрлап кеткеннен кейін Қостанайға қайтпаған. Олжасын тас жол бойындағы гаражға тығып, қалаға тағы барады. Ұрлауға болатын өзге заттарды іздейді. Ал үйлердің арасымен өтіп бара жатқанда кішкентай қыздарды көрген. Олардың арасында Вика да болды.

«Құдай атсын, Викторияны зорлайтын ойым болған жоқ. Шынымен де, шаяндар көп жүретін жерді көрсеткім келді. Бірақ артынан ақылымнан адастым. Сексуалдық құмарлығым оянды. Содан кейін баланы гаражға алып бардым», — деді Лесников.

Оның айтуынша, қылмыскер құмарын басқаннан кейін кішкентай қызды шұңқырға тастай салған. Сосын таспен атып өлтірді. Сөйтіп, ұрлаған скутеріне мініп, кете берген.

Полицейлер нағыз қылмыскерді ұстағандарын түсінді. Бірақ артынан тағы бір дерек шықты. Жауап алу кезінде Денис Лесников ағынан жарылды. Ұрлықпен ғана емес, адам өлтірумен де айналысқанын айтты. 2012 жылы ол кем дегенде үш әйелді өлтірген екен.

(Жалғасы бар…)



sputniknews.kz